Успен ауданында қандастарға мемлекеттік қолдау шаралары таныстырылды

Жиында қандастарды бейімдеу, кәсіп ашуға қолдау көрсету, гранттық бағдарламалар туралы айтылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Успен ауданында қандастармен және оңтүстік өңірлерден қоныс аударған азаматтармен кездесу және қоғамдық қабылдау ұйымдастырылды.
Кездесуге аудан әкімі Нұрболат Мақашев, «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» РҚБ облыстық филиалының басшысы Болат Заутұлы және еңбек мобильділігі орталығының өкілдері қатысты.
Аудан әкімі өңірге көшіп келген қандастардың бейімделу барысы мен әлеуметтік-экономикалық қолдау шаралары туралы баяндады. Оның айтуынша, жергілікті билік мал және егін шаруашылығын дамыту, кәсіпкерлікпен айналысуға гранттық қолдау көрсету арқылы қандастардың жаңа ортаға сәтті бейімделуіне ықпал етуде.
Болат Заутұлы қатысушыларға ЖСН алу, қандас мәртебесін рәсімдеу, тұрақты тұруға рұқсат беру және азаматтық алу тәртібін түсіндірді. Сондай-ақ қандастарды өңірлік квотаға енгізу ережелері мен мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмектер туралы толық ақпарат берілді.
Кездесу барысында қатысушыларға құжат рәсімдеу бойынша әдістемелік нұсқаулықтар таратылып, туындаған сұрақтарға мемлекеттік органдар мамандары жан-жақты жауап берді. 8 адам сұрақ қойып, нақты жауап алды, ал 3 қатысушы алғысын білдірді.
Кездесу соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, жеке қабылдаулар ұйымдастырылды. Ұйымдастырушылар мұндай қоғамдық қабылдаулар облыстың басқа өңірлерінде де жалғасатынын хабарлады.