Павлодар облысында уылдырық шашу кезеңі басталды
Осы кезеңде балық аулауға қатаң тыйым салынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың және балық аулау саласындағы браконьерлік фактілердің алдын алу және анықтау мақсатында Павлодар облысының аумағында ағымдағы жылдың 15 сәуірі мен 30 мамыры аралығында «Нерест» республикалық акциясы басталады.
– Уылдырық шашу кезеңінде полиция қызметкерлері тыйым салынған уақытта балық аулау, балықты заңсыз сатып алу немесе сату, сондай-ақ балық пен балық өнімдерін заңсыз тасымалдау фактілерін анықтау және жолын кесу үшін тұрақты түрде рейдтер жүргізеді, - делінген хабарламада.
Балық аулауға тыйым Ертіс өзені мен оның жайылма су айдындарында, Шығыс Қазақстан облысымен әкімшілік шекарадан Ресей Федерациясының мемлекеттік шекарасына дейінгі аралықта енгізілді. Бұл тыйымды бұзғаны үшін заңнамаға сәйкес қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.