«Мың бала»: Павлодарда облыстық кезеңге өткен оқушылар анықталды
«Павлодар дарыны» бос уақытты қамту және балалардың дарындылығын дамыту орталығы «Өнер алды – қызыл тіл республикалық байқауының қалалық кезеңін өткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі
«Мың бала» республикалық мәдени-ағарту жобасы аясында ұйымдастырылған шараның мақсаты – мемлекеттік тілді үйрену және білу, оқушылардың таланттары мен қабілеттерін дамыту және қолдау үшін жағдай жасау. Шараға қаланың 22 жалпы білім беретін мектебінің 9-10-сыныптардың 33 оқушысы қатысты.
Байқау шарты бойынша қатысушылар Бұқар жыраудың 330 жылдығы, Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығы, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 130 жылдығына орай қазақ жазушыларының өлеңдерін оқыды.
– Бұл ретте қатысушылардың интонациясына, кідірістерді дұрыс сақтауына, сөздерді екпінмен дұрыс ажырата білуіне және қазақтың ұлттық костюмдерінде болуына назар аударылды. Қатысушылар қазақ тілін жақсы меңгерген, байқау талаптарын сақтаған, – деп атап өтті «Павлодар дарыны» орталығының педагог-ұйымдастырушысы Нұрсұлу Құрманова.
Байқау қорытындысы бойынша 22 оқушы жүлделі орындарға ие болды, оның ішінде І орын - 4, ІІ орын - 7, ІІІ орын - 11.
Б.Момышұлы атындағы 9-сынып оқушысы Әйгерім Хасанова Бұқар жыраудың «Тілек» өлеңін оқығаны үшін және М. Әуезов атындағы мектептің 10-сынып оқушысы Никита Семенов, М. Жұмабаевтың «Сүйемін» өлеңін оқығаны үшін І орынға ие болды.
ІІ орынды А. Шамкенов атындағы, Ш. Шөкин атындағы А.Байтұрсынұлы атындағы, № 26, 29, 36, 40 мектептердің оқушылары иеленді. ІІІ орынды № 6, 18, 21, 33, 36, 39, 40, 4, А. Шамкенов атындағы, Жетекші мектептерінің оқушылары иеленді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Павлодар қаласы білім бөлімінің I, II, III дәрежелі дипломдарымен, А.Байтұрсынұлы атындағы, №14, 21, 24, 29 мектеп оқушылары «Павлодар дарыны» орталығының Құрмет грамотасымен марапатталды.
І орын алған оқушылар қазан айында байқаудың облыстық турына қатысады.