Тереңкөлде фермер тамшылатып суаруды субсидиялау мәселесін көтерді
Облыс әкімі Асайын Байханов Тереңкөл ауданының Ынталы ауылындағы көктемгі-дала жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Agriculture» ШҚ басшысы Вячеслав Киселев бұл кәсіпті жеті жыл бұрын нөлден бастаған. Бүгінгі таңда иелігінде 250 гектар суармалы алқап бар. Оның 70 пайыз алаңына пияз, картоп, сәбіз, қызылша, қарақұмық, арпа егілген. Сыйымдылығы 1000 тонналық тоңазытқыш орнатылған. Сегіз механизатор еңбек етеді. Топырақтың бонитеті 13 балды құрайды.
– Биыл картоп алқаптарын 100 пайызға ұлғайттық. Гектарына 30 центнер өнім алынады. Өзіміздің өткен жылғы тұқымдарды қалдырдық. Жергілікті сәбіздердің «каскад», «кардоба» түрлерін ектік. Германиядан қызылша сатып алдық. Сондай-ақ картоп, сәбіз жинайтын жаңа комбайндар сатып алдық, – дейді Вячеслав Киселев.
Кәсіпкер жеке шаруашылықты дамыту мақсатында «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ-дан 170 миллион теңге несие алып, 200 миллион теңге өз қаржысын салған. Биыл егін алқаптарының көлемін арттыру көзделіп отыр. Екі Zimmatic жаңбырлатып суару машинасын сатып алған. Оның бірі 100 мың доллар тұрады.
Вячеслав Киселев тамшылатып суаруды субсидиялау мәселесін көтерді. Оның айтуынша, егер осы бағытты қолдау тәжірибесі қайта енгізілсе, фермерлердің мәселесі шешімін табатын еді.
– Сіздер елімізде картоп, сәбіз, қарақұмық өндіру бойынша көш бастайсыздар. Сол арқылы халықты азық-түлікпен қамтамасыз етесіздер. Сіздерде борщқа арналған барлық өнім бар деп айтуға болады. Қызылша, катоп, сәбіз, барлығы бар. Енді тек қырыққабат егу ғана қалды, – деді облыс әкімі Асайын Байханов.
Бұл ретте Вячеслав Киселев қырыққабатты еліміздің оңтүстік өңірінен сатып алатынын жеткізді.
Еске сала кетейік, облыс әкімі жұмыс сапарымен Павлодар ауданында көкөніс өсірушілерімен кездесіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және өткізу мәселелерін талқылаған болатын.