Павлодарда энергетиктер төтенше жағдайларға дайындығы үшін марапатталды

Іс-шара Дүниежүзілік азаматтық қорғаныс күні аясында 3-ЖЭО-да ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ-ның 3-ЖЭО-да төтенше жағдайлар кезіндегі азаматтық қорғау құрылымдарының негізгі құрамына кіретін станция қызметкерлерін салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Марапаттарды «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ компаниялар тобының басшылары мен облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері табыстады.
«ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ Азаматтық қорғаныс штабының басшысы жыл бойы табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезіндегі қызметкерлерді оқыту қорытындыларын жариялады.
– Жыл бойы негізгі іс-шаралар жоспарына сәйкес Азаматтық қорғаныс штабы стратегиялық нысандар – Павлодардағы 3-ЖЭО мен 2-ЖЭО-да шартты техногендік төтенше жағдайларды жою бойынша бірқатар оқу-жаттығулар өткізді. Барлық қызметкерлер жоғары білім деңгейін және кәсіби әрекеттерін көрсетіп, шартты төтенше жағдайларды жоюды қысқа мерзімде орындады, – деді «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ Азаматтық қорғаныс штабының басшысы Шаймұран Шаймарданов.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ басшылық құрамының дайындығына алғыс білдірді.
– Біз кәсіпорынның барлық оқу-жаттығу шараларына қатыстық. Жұмыстарыңыз үшін рақмет, қызметкерлердің күтпеген жағдайларға дайын екені байқалады, іс-қимыл жоспары сапалы пысықталған, – деп құттықтады облыстық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Қадырбек Наскенов.
Шартты төтенше жағдайларды жоюда жоғары дайындық көрсеткен қызметкерлерге алғыс хаттар, құрмет грамоталары және ақшалай сыйақылар табысталды.