Павлодар автовокзалында темекі тұқылын тастаған ер адам айыппұл арқалады
Жедел байқау орталықтарының жұмысы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, күн сайын қырағы бейнекамералардың көмегімен қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктер ішу, жол жүру ережелерін бұзу, ұсақ бұзақылық сияқты түрлі құқық бұзушылықтар тіркеледі. Жыл басынан бері бейнебақылау жүйесінің көмегімен 6872 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған.
– Павлодар қаласында автовокзалда ер адам темекі шегіп, тұқылын белгісіз жерге тастады. Осылайша, қоғамдық тәртіпті бұзды. Ол аталған факті бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 18 460 теңге көлемінде айыппұл салынды, – деді Павлодар қаласы полиция басқармасы жедел басқару орталығының бастығы Ренат Шамгунов.
Айта кетерлігі, Павлодар қаласы бойынша 117 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді.