Павлодарлық тоғыз жасар жетігенші Түркияға жолдама ұтып алды

Кішкентай өнерпаз алғаш рет үлкен сахнада шығармашылығын көрсетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Астанада «Alash star» атты халықарылық көпжанрлы өнер байқауы өтті. Оған Естай атындағы мәдениет сарайының «Қорлан» жетігеншілер ансамблінің мүшесі Айзере Ғабдулла қатысып, «Аспапта ойнау» номинациясы бойынша үздік деп танылып, бірінші орын иегері атанды. Жүлде ретінде кішкентай өнерпаз Түркияға жеңілдікпен жолдама ұтып алды. Тоғыз жасар жетігенші ансамбльге екі жыл бұрын қосылды.
– Айзеренің үлкен әпкесі біздің мәдениет сарайында домбыра тартады. Кезекті концерт қойылған кезде ол әпкесінің көрермені ретінде келген. Концерт барысында басқа орындаушылардан жетігенді көріп, бұл аспапқа деген қызығушылығы оянады. Осылайша бізге өз қалауымен, еркімен келді, – деді ансамбль жетекшісі Раушан Нагишпаева.
Ұжым жетекшісінің сөзінше, Айзере халықаралық байқауда өз өнерін өте жақсы көрсетті.
– Екі айдай дайындалдық, өйткені тым кішкентай қыз. Аспаптың 23 ішегі бар. Оны теріп, ойнау қиынырақ болды. Айзере бірінші рет басқа қалаға шығып, үлкен сахнада өнер көрсетті. Қобалжуы да бар еді, – деп атап өтті Раушан Нагишпаева.
Айзере екі жыл бұрын әпкесінің домбыра тартып жатқанын Естай атындағы мәдениет сарайында өткен концертте көрген. Сол жерде жетігенді көріп, өз еркімен келуге ниет білдірген.
– Эмоцияны айтып жеткізе алмаймын. Одан сайын дайындалғым келеді. Әртүрлі концертке шығып, Гран-при алғым келеді. Арманым үлкен сахнаға шығу болды. Осы жолы өзімді үлкен жұлдыз секілді сезіндім. Болашаққа биік мақсаттарды құрып жатырмын, – деді Айзере Ғабдулла.
Жалпы байқау хореография, вокал, актерлік шеберлік, аспаптық жанр, қолөнер, бейнелеу өнері жанрларын қамтыды. «Аспапта ойнау» номинациясында қатысушылар сазсырнай, қылқобыз, жетіген, домбыра, адырна сияқты қазақ ұлттық аспаптарды шертті.