Павлодарда Гиннес рекордтар жинағына енген әулет көпшіліктің ықыласына бөленді

Павлодарда Гиннес рекордтар жинағына енген әулет көпшіліктің ықыласына бөленді
Фото: автор

Күні кеше облыс орталығында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы мәресіне жетті. Осы байқауда ақжарлық жанұя көрерменнің көңілінен ерекше орын алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жаздың соңғы күні Ертіс-Баян даласында өнерлі һәм көпке үлгі бола алатын отбасылардың басын бір арнаға біріктірген «Мерейлі отбасы» ұлттық жобасы қорытындыланды. Биылғы байқауда Май ауданының Ақжар ауылынан келген Қайыржан Теміржанұлы мен Айсұлу Тоқтасынқызының жанұясы да бар. Әдебі мен отбасылық үйлесімділігі өзара үндестік тапқан бұл отбасы да жүлдегерлер қатарынан көрініп, екінші орынға ие болды. 

Бүгінгі таңда Қайыржан мен Айсұлу  өздері өсірген үш баласынан он немере сүйіп отырған ардақты ата-әже. Зейнет жасында болса да, олар қоғамдық жұмыстарға және шығармашылық бастамаларға белсенді араласып келеді.

Айтуларынша, өздері ұлттық байқауға қатысуды бұрыннан мақсат еткен.

– Бұл – отбасы құндылықтарын кейінгі ұрпаққа жеткізетін мағыналы жоба. Былтырдан бері қатысуды ойлап жүрген едім. Биыл арманым орындалып, жақындарыммен бірге сайысқа түскеніме өте қуаныштымын, – дейді отбасының отанасы Айсұлу Тоқтасынқызы.

Он немеренің әжесі соңғы уақытта қолөнермен айналысуды дағдыға айналдырған. Бұдан бөлек, Айсұлу Тоқтасынқызы ауылдағы «Аналар» кеңесін және мектеп жанындағы «Әжелер» клубын басқарады. Сонымен қатар, білім беру ұйымдарында шеберлік сабақтарын өткізіп, балаларға ұлттық өнердің қыр-сырын үйретеді.

Шебер дәстүрлі қазақтың құрақ көрпесі мен жастықтарын жасау өнерін кейінгі ұрпаққа үйретіп, қазақ қолөнерінің дамуына үлес қосып жүр. Осы бағытта халықаралық жобаларға қатысып, екі рет рекорд орнатып, Гиннес рекордтар кітабына енген. Бұдан бөлек, аудандық, облыстық, республикалық және халықаралық байқауларда жүлделі орындарға ие болып, түрлі медальдар мен төсбелгілермен марапатталған.

Айсұлу Тоқтасынқызының айтуынша, ұлттық өнерді дәріптеу – оның басты мақсаттарының бірі. Ол жинаған тәжірибесін кейінгі буынға үйретіп, дәстүрлі қолөнердің ұмыт қалмауына өз үлесін қосып келеді.

«Мерейлі отбасы» жобасы өнегелі жанұяларды көпшілікке таныстырып, олардың өмір жолы мен отбасылық дәстүрін жас ұрпаққа үлгі етуге бағытталған. Ақжарлық Қайыржан мен Айсұлу әулетінің жетістігі де осы құндылықтарды дәріптеудің жарқын мысалы.

Айта кетейік, биыл «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңінде бас жүлдені Кенжебаевтар әулеті жеңіп алды. Енді Ақтоғай ауданынан шыққан бұл жанұя республикалық кезеңде Павлодар облысының намысын қорғайды.