Павлодарда «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы анықталды

Павлодарда «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы анықталды
Фото: автор

Алдағы уақытта облыс намысын республикалық кезеңде ақтоғайлық әулет қорғайтын болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірде «Мерейлі отбасы» ұлттық жобасының облыстық кезеңіне қатысқан шаңырақтар марапатталды. Биыл қаладағы алғашқы іріктеуге 170-тен астам жанұя өтінім беріп, аудан-қалалардағы іріктеу қорытындысы бойынша 13 әулет облыстық додаға жолдама алған.

Жобаның негізгі мақсаты – шаңырақ құндылықтарын дәріптеу, ұлттық салт-дәстүрді сақтау және өнегелі жанұяларды көпшілікке үлгі ету. Үміткерлер өз әулетінің тарихы, жетістіктері мен қалыптасқан дәстүрлері қамтылған портфолио ұсынып, шаңырағы жайлы бейнеролик әзірледі.

Жеңімпаздарды мемлекеттік орган өкілдерімен қатар қоғам белсенділері, кәсіподақ және депутаттық корпус мүшелері кірген комиссия анықтады. Бағалау барысында отбасының тарихы, еңбек өтілі, жетістіктері мен ортақ құндылықтары назарға алынды.

Павлодар облысы әкімінің орынбасары, облыстық әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның төрағасы Айгүл Маликова жанұяның қоғамдағы орнына тоқталды.

– Отбасы – әр адамның өміріндегі ең қасиетті ұғым. Ол мейірім мен махаббаттың, сыйластық пен тәрбиенің, өнегенің алтын бесігі. Баланың Отанға деген сүйіспеншілігі, үлкенге құрметі, еңбекқорлығы мен адалдығы ең алдымен отбасында қалыптасады, – деді Айгүл Маликова.

Өңірлік кезеңнің бас жүлдесін Ақтоғай ауданынан келген Кенжебаевтар әулеті иеленді. Үлкен шаңырақ мал шаруашылығы, білім беру, құқық қорғау және кәсіпкерлік салаларда еңбек етіп келеді. Кенжебаевтар қайырымдылыққа да ерекше көңіл бөледі. Олар ауыл тұрғындарына қолдау көрсетіп, мұқтаж жандарға апта сайын тегін нан таратады.

Кенжебаевтар жанұясының анасы бұл жеңістің өздері үшін үлкен мәртебе екенін айтты.

– Біздің отбасымызда ұлттық құндылық, тәрбие, бірлік пен ынтымақ жарасқан деп ойлаймын. Төрт ұл, бір қыз тәрбиеледік. Балаларымыздың бәрі әр салада қызмет етеді. Үш келін, тоғыз немереміз бар. Мен өзім ата-енеммен 12 жыл бірге тұрдым. Үлкендерден алған тәлім-тәрбиені қазір балаларым мен келіндеріме көрсетіп келемін. Ата-ана үшін бұдан артық бақыт жоқ, – деді жеңімпаз әулеттің отанасы Шайза.

Бірінші орынды Павлодар қаласынан Дубайлар шаңырағы иеленді. Кенжекөл ауылында тұратын көпбалалы жанұяда төрт қыз тәрбиеленіп жатыр. Олар қоғамдық және волонтерлік жұмыстарға белсенді араласып, білім мен шығармашылық бағытында жетістіктерге жетіп келеді.

Екінші орын Май ауданынан Бисмильдиндер әулетіне бұйырды. Бұл шаңырақта еңбек, мәдениет және ұлттық өнер бірнеше буыннан бері жалғасып келеді. 

Үшінші орын Шарбақты ауданынан Кармановтар әулетіне берілді. Орманшылар династиясының жалпы еңбек өтілі 153 жылды құрайды. Бұл шаңырақтағы кәсіби дәстүр 1948 жылдан басталған.

Додаға қатысқан өзге де шаңырақтар түрлі саладағы еңбегімен және өзіндік құндылықтарымен ерекшеленді. Мәселен, Екібастұз қаласының Хуатхандар шаңырағы білімге ұмтылу мен бірге уақыт өткізуге мән береді. Ақсу қаласынан қатысқан Наурызбаевтар әулеті маңызды мәселелерді ақылдасып шешуді қалыптасқан әдетке айналдырған.

Павлодар ауданынан келген Бланкиндер білім, спорт және ұлттық мәдениетті үйлестірсе, Тереңкөл ауданындағы Шойынбаевтар ауылдың қоғамдық әрі мәдени өміріне белсенді араласады.

Железиндік Ахметовтер табиғатты қорғау мен білімді дәріптесе, аққулылық Есенгелдиндер жеті баланы тәрбиелеп, спорт саласында жақсы нәтижелер көрсетіп жүр. Ал баянауылдық Бапышевтер мал шаруашылығында сүбелі еңбек етіп келе жатқан жанұя. Ертіс ауданынан Каленовтер шекара қызметі мен медицина саласында еңбек етіп, үш ұлын патриоттық рухта тәрбиелеуде.

Успен ауданынан Жусуповтар шаңырағы да жобаға алғаш рет қатысты. Ильяс құтқарушы болып қызмет етсе, жұбайы Анастасия вокалмен айналысады. Қыздары Медина көркем гимнастикамен және ән айтумен шұғылданып, анасымен бірге сахнаға шығады.

Тереңкөл ауданының Қызылтаң ауылынан келген Шойынбаевтар әулеті ұлттық салтты ұлықтауды басты құндылықтарының бірі санайды. Бес бала тәрбиелеп отырған шаңырақта анасы көркем еңбек және музыка пәндерінен сабақ береді. Сонымен қатар, ол қолөнермен айналысып, ауылдың мәдени өміріне белсенді үлес қосып жүр. Әжесінен қалған бие сауу, қымыз өндіру дәстүрін қыздарына үйретіп келеді.

– Өзіміздің салт-дәстүрімізді насихаттап, ауылда жасап жүрген жұмысымызды көрсетуге бұл үлкен мүмкіндік. Әжемнен қалған істі қазір қыздарыма үйретіп жүрмін. Осындай отбасыларды көрсету – үлкен мүмкіндік, – деді Гүлсан Шойынбаева.

Биылғы жоба «Мерейлі отбасы» байқауының 13-рет өткізілуімен де ерекшеленді. Марапаттау рәсімі жанұялық форматта ұйымдастырылып, қатысушылардың бірлігі мен өзара түсіністігін арттыруға бағытталған интерактивті шаралар өткізілді. Қатысушылар дастархан басында бас қосып, қазақы салтқа сай мерекелік кешке қатысты.

Барлық 13 шаңырақ та сыйлықсыз қалған жоқ. Бірінші, екінші, үшінші орын және бас жүлде иегерлеріне ақшалай сертификаттар табысталса, басқа қатысушыларға естелік сыйлықтар мен ыдыс-аяқ сервиздері ұсынылды.

Осылайша, облыстық кезеңнің үздігі атанған Кенжебаевтар әулеті енді Павлодар өңірінің намысын республикалық деңгейде қорғайды.