Павлодарда ұлттық ұландар аналық нұсқау алды
Сарбаздарға 21 келі бауырсақ пісірілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
5512 әскери бөлімінде өткен аптада республиканың алты облысынан келген 180 жігіт ант қабылдады. Бөлімшенің аға офицері Арман Абдурасуловтың сөзінше, 18 маусымда сарбаздарды бөлімшелерге бөліп жіберді. Бұл күні әскери қызметшілер аналар комитеті мен Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдерінен аналық ақ батасын алды.
– Ақ жаулықты аналар шашу шашып, бауырсақтардан дәм татқызды.Олар жастарға өздерінің ақыл кеңестерін айтты. Жас сарбаздарға бір шаңырақтың астында тұрып жатқан соң, бөлінбегеніміз жөн екенін түсіндірді, – дейді Арман Абдурасулов.
Жауынгерлер қатарына қосылған Ерғанат Аяпберген әскери қызметке дейін тұрақты түрде әлеуметтік желілерін жүргізген еді. Қызметке келгеннен бері ол өзінің әскери бөлімінде мобилограф қызметін атқаруда. Ерғанат үш күн бұрын ант бергендіктен үйді сағынуға әлі ерте екенін айтты.
– Мен әскерге барғым келді, ал ата-анам Отанға қызмет етіп, әскери борышымды өтеп келуімді дұрыс санады, – дейді жас сарбаз Ерғанат Аяпберген.
Әскери бөлімшенің мобилографы әрі қарай әскери қызметін жалғастырғысы келеді. Алайда қай салаға барарын әлі білмейді.