Павлодарда иесіз иттер мен мысықтарға арналған панажай жылдың соңына дейін тапсырылады
Мұнда бір уақытта 300-ге дейін жануарды ұстауға болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі Асайын Байханов шығыс өнеркәсіптік аймағындағы жануарларға арналған панажайдың құрылыс алаңында болды. Қараусыз қалған иттер мен мысықтарға қатысты ұзақ жылғы мәселені толықтай шешпесе де, барынша азайтуға бағытталған нысанның құрылысы аяқталды.
– Бұл – Мемлекет басшысының бастамасымен жануарларды қорғаушылардың өтініштеріне жауап беретін «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңды іске асырудың маңызды бөлігі. Уақытша ұстау пунктінде жануарлар тұратын орындар, карантиндік бөлме, азық дайындайтын орын, ветеринарлық бөлім және иттерді серуендетуге арналған манеж бар, – деді Асайын Байханов.
Барлық жануарлар қауіпті ауруларға тексеруден өткізіліп, зарарсыздандырылады және чиптеледі. Екі ай бойы олардың жаңа иелері іздестіріледі, табылмаған жағдайда босатылады, бірақ жануарлар айналасындағылар үшін қауіпсіз, әлеуметтік бейімделген және агрессияға бейім болмауы тиіс.
Аймақ басшысы нысанды ветеринария басқармасының балансына беру рәсімдерін жылдамдатып аяқтауды және жылдың соңына дейін іске қосуды тапсырды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram