Павлодарда жүк көлігінің жүргізушісі колонияға ішімдік кіргізбек болған
Сұйықтық мекеменің өнеркәсіптік аймағына кіретін КамАЗ көлігінің жүксалғышында жасырылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы бойынша ҚАЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, №45 мекеменің қызметкерлері ҚР Ұлттық ұлан 6679 әскери бөлімі қарауылының кезекші нарядымен бірлесіп, тінту кезінде автокөлік ішінен тыйым салынған зат тауып, тәркіледі.
– Өнеркәсіптік аймаққа кіру үшін келген жүк көлігінің жүргізушісі құрамында спирті бар ішімдік бөтелкесін кіргізуге тырысқан. Аталған факті бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. ҚР ӘҚБтК-нің 481-бабына сәйкес шешім шығару үшін Павлодар қаласының әкімшілік сотына материал жіберілді, – дейді департаментте.
№45 мекеме бастығы Қуаныш Қойшыбаевтың айтуынша, түзеу мекемесі қызметкерлерінің және өз міндеттерін жауапкершілікпен орындайтын 6679 Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің ұқыптылығының нәтижесінде тыйым салынған заттарды алып өтуге жол берілмеді.
Айта кету керек, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес мұндай бұзушылық ескерту жасауға немесе әкімшілік құқық бұзушылық жасау құралы не нысанасы затты тәркілей отырып, он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.