Ертіс ауданында саманнан салынған тұрғын үй өртенді
Тілсіз жау орын алған жерден өрт сөндірушілер көлемі 27 литр болатын 1 газ баллонын шығарды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ертіс ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің мәлімдеуінше, 22 наурыз күні сағат 03:57-де №9 өрт сөндіру бөлімінің «101» пультіне Қарақұдық ауылындағы Т.Әубәкіров көшесі, 18 мекенжайы бойынша орналасқан тұрғын үй жанып жатқаны туралы хабарлама келіп түсті.
- Оқиға орнына келген өрт сөндірушілермен жалпы ауданы 100 ш.м. болатын, бөлек тұрған 4-бөлмелі саманнан салынған тұрғын үйде жиһаздың, үй заттарының, тұрмыстық техниканың, ағаш шатыр құрылымдарының жанып жатқандығы анықталды. Үйден көлемі 27 литр болатын 1 газ баллоны шығарылды, - делінген хабарламада.
Жалынды ауыздықтауға жеке құрамнан 7 адам және 2 бірлік техника жұмылдырылды. Өрт сағат 04:40-та ауыздықталып, 05:55-те толықтай жойылды.
Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Өрттің себебі мен келтірілген шығын анықталуда.