Павлодарда Рамазан айына орай ерекше көрме ұйымдастырылмақ

Павлодарда Рамазан айына орай ерекше көрме ұйымдастырылмақ
Фото: Музейден

Көрмеге Ертіс-Баян өңіріндегі киелі адамдар мен діни тұлғалардан қалған  жәдігерлер қойылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде 20 ақпан күні «Руханият жауһары» атты көрме көрерменге жол тартады.

- Қасиетті Рамазан айына орай өткелі отырған бұл көрмеде бұрынғы Семей облысы, Павлодар уезі,  Қарамола болысынан шыққан діни тұлға, үш мәрте қажылыққа барып келген Ұса Түркеұлының жеке заттары қойылады. Атап айтқанда, қасиетті мекенге барғанда ұстаған асатаяғы, Қағба жабынының бөлігі, ерекше жүзігі яғни жүзіктің ойығынан Әл-Харам мешітінің ескі сұлбасын, қағбаны көруге болады, сонымен қатар ташпық және басқа да жәдігерлер бар, - дейді ұйымдастырушылар. 

Бұл қасиетті заттар атадан балаға мирас болып, бірнеше ұрпаққа ауысқан. Ұсаның ұлы Темірғалы молла асатаяқпен ауырған адамдарды емдеп, дем салған.

Іс-шараға жәдігерлерді сақтап келген шөбересі Назар Әкрамұлы қатысады.

Көрме 20 ақпан күні, сағат 10.00-де басталады.