Екібастұздағы мектептердің бірінде алғашқы кадет сыныбы ашылды
Кадеттер салтанатты түрде ант қабылдады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Екібастұз қаласында №36 лицей-мектеп базасында қаладағы алғашқы полиция кадет сыныбы – «Жас сақшы» ашылды. Сыныпқа қызметтік міндетін атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан полиция қызметкері Ербол Сембаевтың есімі берілді. Жоба Павлодар облысы полиция департаменті мен қаладағы білім беру бөлімінің ведомствоаралық өзара іс-қимылы аясында жүзеге асырылып, оқушыларды әскери-патриоттық және құқықтық тәрбиелеу жүйесін дамытуға бағытталған.
Мектеп базасында «Жас сақшы» атты арнайы оқу кабинеті де ашылды. Ол профильдік сабақтар, практикалық жұмыстар мен тәрбиелік іс-шаралар өткізуге арналған. Жаңа білім беру кеңістігі жасөспірімдердің заңға құрметін, тәртіптілік пен жауапкершілігін қалыптастыруға, сондай-ақ белсенді азаматтық ұстанымын дамытуға бағытталған.
Кадет сыныбына лицей сыныптарында оқитын, оқу үлгерімі жоғары, қоғамдық өмірге белсенді араласатын және құқық қорғау органдарындағы қызметке қызығушылық танытатын оқушылар қабылданды. Дайындық бағдарламасына құқықтық сауаттылық негіздері, бастапқы саптық және дене дайындығы, қызметтік әдеп негіздері, сондай-ақ кәсіби бағдар беру модульдері енгізілген.
– Біз үшін екібастұздық Ербол Сембаевтың есімі – ерлік пен антқа адалдықтың, адамдарға қызмет етудің үлгісі. Батырдың есімін алып жүру – жасағымыздың әрбір мүшесі үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік, – деді «Жас сақшы» жасағының командирі Айгүл Мұсылманбек.
Павлодар облысы полиция департаменті мен Екібастұз қаласының білім беру бөлімі жобаның кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және жасөспірімдерді ерте кәсіби бағдарлау жөніндегі жүйелі жұмыстың бір бөлігі екенін атап өтті. Алдағы уақытта полиция кадет сыныптарын құру тәжірибесін өңірдің өзге мектептерінде де кеңейту жоспарлануда.
Салтанатты ашылу рәсіміне облыстық полиция департаментінің басшылығы, қала әкімдігінің және білім беру бөлімінің өкілдері, педагогтер, оқушылар мен ата-аналар қатысты. Іс-шара аясында кадеттер салтанатты түрде ант қабылдап, куәліктер алды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram