Павлодарда балабақша мамандары тапшы

Павлодарда балабақша мамандары тапшы
Фото: Константин Шелков

Тәрбиешілердің жалақысы 30 пайызға өседі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл жайлы  Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Самал Қадырова мәлім етті. 

– Бүгінгі таңда тәрбиешілер және олардың көмекшілерінің тапшылығы бар екені жалған емес. Бұл мәселе облыста ғана емес, жалпы елімізде өзекті болып отыр. Келер жылдың басында тәрбиешілердің жалақысы 30 пайызға өседі. Бүгінгі таңда осы мәселе бойынша жұмыс атқарылуда, – дейді Самал Қадырова. 

Сондай-ақ спикер тәрбиешілердің көмекшілері жайлы да сөз қозғады.  

– Бұл маман иесінің де атқарар еңбегі өте көп. Алайда бұл жұмысқа ешқандай диплом керек болмаған соң жалақысы да аз. Бүгінгі таңда бұл мәселе біздің бақылаумызға алынған. Жұмыспен қамту орталықтарына вакансиялар жіберудеміз. Алдағы уақытта бұл сұрақ та шешімін табады деген үміттеміз, – дейді спикер. 

Еске сала кетейік, қалалық білім бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдыралин тәрбиешілердің басты мәселесі шыдамсыздықта екенін атап өткен болатын. Ол балаларға дөрекілік танытқан тәрбиешілер қатаң сөгіс алып немесе тіпті жұмыстан шығарылатыны жайлы мәлімдеді.