Павлодарлық тұтынушы ақауы бар кір жуғыш машинасының толық құнын өндіріп алды
Павлодарлық тұтынушы ақауы бар кір жуғыш машинасының толық құнын өндіріп алды
Себебі тұрмыстық техниканы қайта жөндеу мүмкін болмаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2024 жылдың қазан айында қала тұрғыны кепілдігі бар тұрмыстық техниканы сатып алған. Кір жуғыш машинаны алған кезде белгілі бір мерзімге қосымша кепілдік те рәсімдеген. Сатып алуға барлығы 200 мың теңге жұмсаған.
Облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мәліметінше, бір жыл 11 айдан кейін кір жуғыш машина жуу және сығу кезінде қатты сықырлап, гуілдеп, бөгде дыбыстар шығара бастаған. Соның салдарынан техниканы пайдалану мүмкін болмаған.
Ер адам сатушыдан тауарды ауыстыруды немесе ақшасын қайтаруды сұраған. Алайда сатушы бұл мәселені талқылаудан бас тартқан.
Тұрғын мемлекеттік органға жүгінгеннен кейін ғана ақаудың себебін анықтау үшін сервистік орталықтың маманы жіберілген. Ол кір жуғыш машинаны жөндеу мүмкін емес деген қорытындыға келген. Нәтижесінде сатып алушыға тауардың толық құны қайтарылды.
Департамент өкілдері сатушының немесе өндірушінің өзі сатқан не өндірген тауардағы кемшіліктер үшін, тіпті, ол туралы білмеген жағдайда да, жауапты болатынын еске салды.
Ал сатып алушы тауардан ақау анықталған жағдайда оны ауыстыруды, кемшіліктерді жоюды немесе тауардың толық құнын қайтаруды талап етуге құқылы.