Павлодарда жастар Marvel әлеміне саяхат жасады
Кеште олар білімін, ептілігін және тапқырлығын сынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жастар бастамаларын дамыту орталығында 14 пен 35 жас аралығындағы жастарға арналған «Jastar vibe» жобасы аясында Marvel әлемі стиліндегі тақырыптық кеш өтті. Бағдарлама заманауи мәдениет, ойын-сауық пен интеллектуалдық белсенділікті бір алаңда тоғыстырды.

Қатысушылар Marvel Quiz Kahoot интерактивті викторинасына қатысып, үстел ойындары мен PlayStation аймағында уақыт өткізді. Сонымен қатар шығармашылық белсенділіктер ұйымдастырылып, кеш соңында фильм көрсетілді. Іс-шараға қатысу тегін болды. Алдын ала тіркелу мүмкіндігі қарастырылып, оған 50-ден астам жас өтінім берген.
– Marvel тақырыбын таңдаудың басты себебі – оның жастар арасында кеңінен танымал болуы. Біз бос уақытты ұйымдастыру кезінде олардың қызығушылықтары мен қазіргі трендтерді ескеруге тырысамыз. Бір кештің ішінде интеллектуалдық ойын, шығармашылық белсенділік, еркін қарым-қатынас пен киноны біріктіру арқылы жастарға жаңа адамдармен танысып, бірге уақыт өткізуге мүмкіндік бергіміз келеді, – дейді медиа бөлімінің басшысы Наргиза Жұмабекова.

Викторина барысында Marvel фильмдері, суперқаһармандар, кейіпкерлер мен оқиғалар желісіне қатысты сұрақтар қойылды. Нәтиже дұрыс жауап саны мен жауап беру жылдамдығын ескеретін Kahoot жүйесі арқылы шығарылды. Жеңімпаздарға «Жастар бастамаларын дамыту орталығының» логотипі бейнеленген брендтік сыйлықтар табысталды. Ал қонақтарға естелік ретінде тақырыптық стикерпактар үлестірілді.
Ойын-сауық бөлігінде үстел ойындары мен PlayStation аймақтары жұмыс істеді. Қатысушылар өздеріне ұнаған ойындарды таңдап, достарымен немесе жаңа таныстарымен бірге ойнады.
– Marvel стиліндегі дресс-код міндетті болған жоқ. Қонақтар суперқаһармандардан шабыт алған киімдер мен аксессуарларды өз қалауынша пайдалана алды. Бұл тақырыптық атмосфераны толықтырып, әркімге шығармашылығын көрсетуге мүмкіндік берді, – деді бөлім басшысы.

Бағдарламаның соңында «Өрмекші адам: Үйге оралу» фильмі көрсетілді. Ұйымдастырушылар бұл туындыны кейіпкердің жастар арасында танымалдығы және жеңіл, динамикалық сюжеті кештің жалпы форматына сәйкес болғандықтан таңдаған.
Осылайша, бір кеш аясында жастар білімдерін сынап, ойын ойнап, шығармашылықпен айналысып, жаңа таныстықтар орнатып, фильм тамашалады.