Павлодарда жеке кәсібін бастаған қандастар саны артып келеді

Павлодарда жеке кәсібін бастаған қандастар саны артып келеді
Фото: Есенжол Исабек

Олар көбіне «Бастау бизнес» жобасы аясында өз кәсібін бастап отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірде жыл сайын «Бастау Бизнес» жобасы аясында оқуды сәтті аяқтаған қатысушылар саны артып келеді. Солардың бірі — Павлодар қаласының тұрғыны Гүлмира Омарова. 

Гүлмира Омарова - 2025 жылы отбасымен бірге қандастарды қоныстандыру бағдарламасы аясында квотаға еніп, Өзбекстан Республикасынан Павлодар қаласына қоныс аударған қандастардың бірі. Ол – өзінің іскерлік әлеміне қадам басуын талантымен ұштастыра білген шебер. Яғни  өзінің бизнес-жоспарын жүзеге асырып, тігін цехын ашуға шешім қабылдайды.

Арманын жүзеге асыру мақсатында шебер «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерінде арнайы оқудан өтеді. Бизнес жобасын комиссия алдында сәтті қорғағаннан кейін оған жаңа бизнес-идеясын іске асыру үшін мемлекеттік қайтарымсыз грант беріліп, бөлінген қаражатқа қажетті құрал-жабдықтар мен инвентарь сатып алды.

Қатысушының айтуынша, кәсібінің оң нәтижеге жетіп, ісінің ілгері басуына әуелі табандылық пен қажырлы еңбек себеп болса, сондай-ақ бөлінген бюджет қаражатын тиімді пайдалану да ерекше рөл атқарады. 

— Жеке кәсіп ашу менің көптен бергі арманым еді. Бүгінде өзім сүйетін іспен айналысып жүрмін және алдағы уақытта бұл ісім отбасыма тұрақты табыс әкелетініне сенемін. Осындай мүмкіндіктер беретін жобаларға және қолдау көрсеткен «Мансап» орталығының мамандарына шын жүректен алғысымды білдіремін, — дейді Гүлмира Омарова.

Бүгінгі таңда жеке кәсіпкер көбіне қазақтың ұлттық қолөнері, соның ішінде құрақ көрпе, төсек жабдықтары мен төсеніштерден бастап тігеді. 

Айта кетелік, былтыр «Бастау бизнес» жобасы аясында өңірде 444 адам қайтарымсыз мемлекеттік грантқа ие болды. Оның ішінде 43 қандас бар.