Қыста мұздай суда шомылу. Павлодарлық дәрігерлер не дейді?
Суық суға шомылу жүрек-қан тамырлары жүйесі үшін үлкен сынақ екенін ұмытпаған жөн, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарлықтар қысқы шомылу маусымын бастап кетті. Ертіс жағалауында олар үшін мұздай суға қауіпсіз шомылып, кейін киім ауыстыруға болатын арнайы орын жабдықталған. Жыл сайын қысқы шомылуға қызығушылық танытатындар қатары артып келеді.
Павлодар облыстық кардиологиялық орталықтың дәрігер-кардиологі Айгерім Рахимованың айтуынша, суықтың ағзаға күрт әсер етуі күйзеліс реакциясын туғызады. Стресс гормондары бөлініп, қан тамырлары тарылып, артериялық қысым жоғарылайды. Салдарынан жүрекке түсетін салмақ та артады. Кей жағдайда суықтан болатын шок дамуы мүмкін.
– Дененің күрт салқындауы жүрек соғысының жиілеуіне және жүрек ырғағының бұзылуына әкелуі мүмкін. Жүрек аурулары бар адамдарда мұндай реакция инфаркт миокарды сияқты қауіпті жүрек-қан тамырлары асқынуларының қаупін арттырады. Үнемі мұздай суда шомылған кезде ағза суыққа біршама бейімделіп, оған беретін реакциясы бәсеңдеуі мүмкін. Алайда бейімделу мұндай жүктеменің қауіпсіз екенін білдірмейді, – деп түсіндірді кардиолог.
Дәрігердің айтуынша, мұздай суда шомылу жүрек-қан тамырлары жүйесін нығайтады деген тұжырымды растайтын нақты ғылыми дәлелдер әзірге жеткіліксіз. Ал дененің күрт салқындауы жүрек пен қан тамырларына қосымша салмақ түсіреді.
– Артериялық гипертензиясы, жүректің ишемиялық ауруы, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі және жүрек ырғағының бұзылуы бар адамдар ерекше сақ болуы керек. Шынығу жүрекке сынақ болмауы тиіс, – деп атап өтті Айгерім Рахимова.
Дәрігер жүрек саулығын сақтау үшін тұрақты жаяу жүруді, қолайлы температурадағы суда жүзуді және денсаулық жағдайына сай қалыпты аэробты жаттығулар жасауды әлдеқайда қауіпсіз әрі пайдалы деп санайды.
Ал Ертіс жағалауында қысқы шомылуды ұнататындар қатары жыл сайын көбейіп келеді. Қатты аяздың өзінде мұнда мұздай суға түсу үшін келетіндер аз емес. Қазір Павлодардағы қысқы шомылу клубында 70-тен астам адам бар. Алайда қызығушылық танытушылар бұдан да көп. Әсіресе соңғы екі қыста олардың саны айтарлықтай өскен.
Павлодарда мұздай суда шомылу дәстүрінің тарихына 60 жылдан асты. Осы уақыт ішінде бұл әуестік көпшілік үшін жай ғана қысқы ермек емес, өмір салтының бір бөлігіне айналған.