Павлодарда жол инфрақұрылымын жаңарту жұмысы жалғасуда

Павлодарда жол инфрақұрылымын жаңарту жұмысы жалғасуда
Константин Шелковтың иллюстрациялық суреті

Жөндеу жұмыстары Павлодар қаласының Кенжекөл ауылдық аймағы мен Павлодар ауданына қарасты Әйтім ауылын да қамтиды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазіргі уақытта Павлодардағы Сәтбаев, Бұқар жырау, Ледовский, Кривенко көшелері мен Авиақалашық шағынауданындағы автожолды асфальттау жұмыстары аяқталды.

Жол жөндеу жұмыстарының сапасын «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» Павлодар филиалы бақылауда ұстап отыр.

Мамандар 26 инспекциялық тексеру жүргізген. Алынған 58 жол-құрылыс материалы сынамасының 13-і сапа талаптарына сәйкес келмеген. Кейбір үлгілер әлі де филиал зертханасында зерттелуде.

– Біз жұмыстарды барлық кезеңде бақылаймыз, асфальт төсеу технологиясының сақталуын тексереміз, асфальтты төсемге дейін және тығыздаудан кейін сынамаға аламыз. Анықталған кемшіліктерді мердігер ұйымдар өз қаражаты есебінен түзетеді, – деді филиал инженері Мейрамбек Ниязов.

Биыл Кенжекөл ауылында тағы төрт көшені, сондай-ақ Әйтім ауылындағы төрт көшені жөндеу жоспарланған. Бұл нысандардағы жұмыстардың сапасын да филиал мамандары қадағалайды.

Жыл басынан бері филиал инженерлері жол құрылысы мен жөндеу нысандарына 204 рет барған. Жалпы алынған 418 жол-құрылыс материалы сынамасының 59-ы қолданыстағы стандарт талаптарына сәйкес келмеген.