Павлодарда қоқыс емес, ұпай жинаған жастар бақ сынады
Қатысушылар экологияны қорғауды ойын арқылы дәріптеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарда республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы мен Халықаралық еріктілер жылы аясында Eco Life экологиялық тимбилдингі өтті.
Қатысушылар алдымен аумақты тазалап, қалдықтарды сұрыптады. Сондай-ақ құстарға арналған ұяшықтар мен жемсалғыштар жасап, оларды безендірді. Бағдарламаға қалдықтарды сұрыптау бойынша интерактивті алаң, экологиялық квест, спорттық эстафеталар және командалық жарыстар кірді.
Спорттық эстафетада қатысушылар уақытқа түрлі кедергілерден өтіп, экология тақырыбындағы сұрақтарға жауап берді. Ал экологиялық квест табиғатты қорғау туралы білімді нығайтуға бағытталды.

Жастармен жұмыс жөніндегі инспектор Гүлзат Рамазанованың айтуынша, биылғы тимбилдингтің бағдарламасы жаңартылып, жаңа алаңдар қосылған.
– Бүгінгі басқосудың мақсаты – жастардың назарын экологиялық мәселелерге аудару. Сонымен қатар, қоршаған ортаға ұқыпты қараудың маңызын көрсету және қатысушыларды командалық ойындар, квесттер мен пайдалы белсенділіктер арқылы біріктіру. Сондай-ақ республикалық «Таза Қазақстан» акциясының идеясын кеңінен насихаттап, жастардың экологиялық жауапкершілігін арттыру көзделген, – деді ол.
Шараға еріктілермен қатар мемлекеттік қызметкерлер, жұмысшы жастар, мұғалімдер және өзге де тұрғындар қатысты. Қатысушылардың ең көп қызығушылығын спорттық эстафета мен экологиялық квест тудырды.


Жиынға облыс бойынша шекара қызметі департаментінің 20 әскери қызметшісі қатысты.
– Біз республика тарапынан өткізіліп жатқан экологиялық акциясына белсенді қатысу арқылы ұжымдық ауызбіршілік пен азаматтық жауапкершілікті көрсетеміз, – деді департаменттің тәрбие жұмысы жөніндегі офицері Рауан Нығметжанов.

Командалық жарыс аясында құстарға ұя жасау шеберлік сабағы ұйымдастырылды.
– Құстарға ұя жасау – табиғатты қорғаудың игі ісі. Құстарға қамқорлық жасау арқылы біз табиғатты сақтауға өз үлесімізді қосамыз, – деді Павлодар орманшылығының орман шебері Ермек Сәлімов.
Eco Life экологиялық тимбилдингіне шамамен 100 адам қатысты.