Тереңкөлде оннан астам лауазымды тұлға қоқыс тастайтын жер үшін жазаланды

Мониторинг жұмыстары кезінде жүзден астам заңсыз ұйымдастырылған қоқыс алаңдары жабылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс аумағында қатты тұрмыстық қалдықтармен жұмыс істеу мәселесі өткір тұр. Қазір өңір бойынша 300-ден астам қоқыс алаңы бар. Олардың төртеуі ғана заңдастырылған.
— Биыл «Қазақстан Ғарыш Сапары» ғарышмониторингі аясында 172 заңдастырылмаған қоқыс полигондары анықталды. Оның жүзден астамы жойылған, — деп мәлімдеді облыстық экология департаменті инспекция бөлімінің басшысы Жомарт Кәрімов.
Ауылдық округтердің аумағындағы 321 қоқыс үйіндісі санитарлық-құрылыс нормаларына сәйкес келмейді және олардың экологиялық рұқсат құжаттары жоқ. Бұл жерде қалдықтарды өңдеу бойынша коммуналдық және өзге де кәсiпорындар қызмет көрсетпейдi Осы орайда олар ондаған жылдар бойы рұқсат етiлмеген күйiнде қалып келедi.
— Департамент осы жылы Тереңкөл ауданына 12 тексеріс жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде ауылдық қоқыс тастайтын жерлердің экологиялық талаптарға сәйкес келмегені үшін 12 лауазымды тұлғаға 353 мыңнан астам теңге сомасында әкімшілік жаза қолданылды, — деп пайымдады департамент басшысы.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлнара Ақылбекованың сөзінше, қатты тұрмыстық қалдықтармен қатар өңірде 7,25 миллиард тоннаны құрайтын өнеркәсіптік қалдықтар мәселесі бар. Өнеркәсіптік қалдықтардың негізгі көздері тау-кен өнеркәсібі, түсті металлургия және жылу энергетикасы.
— Облыс басшылығы мәселені шешу жөнiнде тиісті шаралар қолдануда: жаңа полигондар салу жүргiзiлуде, рұқсатсыз үйiндiлерге ғарыштық мониторинг жүргiзiліп жатыр және қалдықтармен жұмыс iстеу саласындағы бұзушылықтар үшiн әкiмшiлiк жауапкершiлiк күшейтiлуде, — деді Гүлнара Ақылбекова.
Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Сағын Төлеутаевтің пайымдауынша, аймақта қалдықтарды қайта өңдеу саласы белсенді дамуда - 9 кәсіпорын сұрыптауды және қайта өңдеуді жүзеге асырып жатыр.
— «Жасыл Даму» стратегиясы шеңберінде жаңа жобаларды іске асыруға ерекше назар аударылуда. Павлодар үшін қоқыс өңдеу зауытын салу, пластик пен аккумулятор батареяларын қайта өңдеу өндірістерін құру жоспарлануда, — деді Сағын Төлеутаев.
Айта кетейік, қаладағы қоқыс полигоны өз жұмысын 2027 жылға дейін жүргізе алады. Кейін құжаттарды жаңарту жұмыстарын іске асыру керек. Бұл бағыттағы жұмыстар басталып кетті.