Павлодар кәсіпорындары экобақылау назарында: 50 заңбұзушылық анықталды
Экологиялық талаптардың сақталуы қатаң бақылауда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ағымдағы жылдың өткен кезеңінде Павлодар облысы бойынша экология департаменті кәсіпорындардың қоршаған ортаға қойылатын талаптарды орындауына бақылау жүргізді. Негізгі бағыт – өндірістік нысандардың экологиялық нормаларды сақтауын қамтамасыз ету және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану.
Павлодар облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Әсет Сыздықовтың айтуынша, есепті кезеңде барлығы 40 бақылау шарасы өткізілген.
– Оның ішінде 16 жоспардан тыс тексеру, 14 талаптарға сәйкестігін тексеру және 10 профилактикалық бақылау жүргізілді. Нәтижесінде экологиялық заңнама талаптарының 50 бұзушылығы анықталып, кәсіпорындарға 25 нұсқама берілді, – деді ол.
Экологиялық нормаларды сақтамаған кәсіпорындарға қатысты әкімшілік шаралар да қабылданды. Есепті кезеңде жалпы сомасы 105 миллион теңгеден асатын 106 айыппұл салынды. Оның 97-сі бойынша 29,9 миллион теңге көлеміндегі қаражат өндірілді.
Сонымен қатар, ірі өндіріс орындарындағы шығарындыларды бақылаудың цифрлық жүйесін енгізу жұмыстары жалғасуда. Бірінші санаттағы нысандардың атмосфераға әсерін онлайн бақылауға мүмкіндік беретін автоматтандырылған мониторинг жүйесін облыста орнатуға міндетті 14 кәсіпорынның 12-сі талапты орындап, деректерді Ұлттық деректер банкіне жіберуде.
– Автоматтандырылған мониторинг жүйесі өндірістік нысандардың шығарындылары туралы ақпаратты жедел бақылауға және қажет болған жағдайда тиісті шараларды уақытылы қабылдауға мүмкіндік береді, – деді Әсет Сыздықов.
Экология департаменті алдағы уақытта да кәсіпорындардың табиғатты қорғау талаптарын сақтауына бақылау жүргізіп, қоршаған ортаға кері әсерді азайту бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.