Павлодар облысында «кәсіби салымшы» ұғымы пайда болды
Қаржы пирамидаларының құрбандары жылдан жылға көбейіп келе жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында қаржы пирамидаларына қарсы күресте жаңа құқықтық тетік – «кәсіби салымшы» ұғымы қолданыла бастады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Павлодар облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Ғалиасқар Қасымов мәлімдеді.
Оның айтуынша, кәсіби салымшы – қаржы пирамидасына бірнеше рет ақша салып, бастапқы кезеңде табыс тауып, кейін басқа азаматтарды осы схемаға тартатын адам.
- Мұндай тұлғалар қаржы пирамидасының заңсыз екенін біле тұра, сыйақысын алып, кейін басқа адамдарды тартумен айналысады. Ал пирамида күйреген кезде соңынан кірген азаматтар барлық қаражатынан айырылып қалады, – деді Ғалиасқар Қасымов.
Спикердің сөзінше, қазіргі таңда бұл ұғым заңнамада бекітілген және департамент кәсіби салымшыларды анықтау бағытында жұмыстар жүргізіп жатыр.
Сонымен қатар, Қасымов қаржы пирамидаларының құрбандары жылдан жылға көбейіп келе жатқанын атап өтті. Оның мәліметінше, соңғы үш жылда Павлодар облысында алданған салымшылар саны шамамен екі есеге артқан.
Жыл басынан бері Павлодар облысында қаржы пирамидаларына қатысты 950-ден астам азаматтың құқығы қорғалған. Келтірілген жалпы шығын 2,9 миллиард теңгеден асқан. Сот шешімімен жәбірленушілерге 600 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылды. Сондай-ақ бұғатталған мүлікті сату есебінен тағы 1 миллиард теңгеге жуық шығынды өтеу жоспарланып отыр.
Департамент азаматтарды тек уәкілетті мемлекеттік орган лицензия берген қаржы ұйымдарына ғана сенуге шақырады. Сондай-ақ қысқа мерзімде 50–70 пайыз көлемінде табыс уәде ететін күмәнді компаниялардың ұсыныстарына сенбеуге кеңес береді.