Павлодардағы ерекше кадр: қос сілеусін фототұзаққа ілікті

Павлодардағы ерекше кадр: қос сілеусін фототұзаққа ілікті
Фото: видеодан скриншот

Жыртқыштардың су ішкен сәті тіркелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстағы «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының мамандары цифрлық мониторинг барысында фототұзаққа қатар жүрген қос сілеусінді түсіріп алды. Сирек кездесетін бұл көрініс резерват аумағының сирек жыртқыштардың табиғи мекендеуіне қолайлы екенін тағы бір рет көрсетті.

Мамандардың айтуынша, сілеусін – жалғыз тіршілік ететін, өте сақ әрі адам көзіне сирек шалынатын жыртқыш аң. Сондықтан, қос сілеусіннің бірге жүруі ерекше жағдай саналады.

– Бұл жануарлардың жұп болғанын нақты айту мүмкін емес. Ересек сілеусіндер көбіне жеке өмір сүріп, жеке аң аулайды. Соңғы жылдары олардың саны көбейіп келеді. Қазіргі таңда резерват аумағында аңшылыққа толық тыйым салынғандықтан, сілеусіндердің мекендеуіне айтарлықтай қауіп жоқ. Олар адамға себепсіз шабуыл жасамайды, керісінше адамдардан аулақ жүруге тырысады. Негізінен түнде белсенді болады, – дейді резерват мамандары.

Фототұзақ түсірген кадрда тастақты жердегі шағын су айдынының маңында жүрген екі сілеусін анық көрінеді. Бірі су ішу үшін еңкейсе, екіншісі үнсіз қозғалып, фототұзақтың алдынан байқатпай өтіп бара жатқандай әсер қалдырады. Кадрдан олардың қызғылт-сары теңбіл жүні, құлағындағы қара шашақтары, жуан аяқтары мен ұшы қара қысқа құйрығы анық байқалады.

Резерват мамандарының пікірінше, фототұзақтарға көбіне бұлан, елік, қабан және борсық түседі. Ал сілеусін мен қасқыр сирек тіркелетіндіктен, мұндай бейнематериалдар жануарлар әлемін зерттеу мен бақылау үшін аса құнды.

Соңғы қысқы санақ қорытындысы бойынша, «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты аумағында шамамен 75 сілеусін тіркелген. Мамандар бұл көрсеткіштің тұрақты өсуі орман экожүйесінің қолайлы жағдайын және табиғатты қорғау шараларының нәтижелі жүргізіліп жатқанын білдіретінін атап өтті.