Айлар бойы қорқытқан: Ақсуда ақша бопсалаған үш күдікті ұсталды
Polisia.kz ақпараттық-медиа порталының мәліметінше, Павлодар облысының тұрғыны бірнеше азамат айлар бойы оған қоқан-лоққы, зорлық-зомбылық көрсетіп, қолма-қол ақша алды деп полицияға жүгінген. Тәртіп сақшылары Ақсу қаласының үш тұрғыны жәбірленушіден жүйелі түрде ақша бопсалап, 100 мың теңге иемденіп алғанын анықтаған.
– Тұрғылықты жері бойынша тінту іс-шаралары барысында күдіктілерден қолдан жасалған пышақтар, телефондар, сондай-ақ өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді. Осы факт бойынша қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 194-бабы (Қорқытып алу) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, – деді Павлодар облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Ғабит Қабдрахманов.
Сондай-ақ күдіктілердің бірі осындай қылмыс жасағаны үшін тергеуде екені анықталды.
Осы баптың санкциясымен 3 жылдан 7 жылға дейін жаза қарастырылған. ҚР Конституциясының 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына, ҚР қылмыстық іс жүргізу кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес оның кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен танылғанға дейін адам қылмыс жасағаны үшін кінәлі емес деп есептеледі.