Павлодарлық қолөнер шеберлері экологиялық ойыншықтарын көпшілікке ұсынды
Қолдан жасалған бұйымдар келушілердің ерекше таңданысын туғызды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарда дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында EcoFest экологиялық фестивалі өтті. Мереке аясында жергілікті кәсіпкерлер, өндірушілер мен қолөнер шеберлерінің қатысуымен экологиялық бағыттағы көрме-жәрмеңке ұйымдастырылды. Қатысушылар өз қолдарымен жасаған экологиялық таза өнімдерін көпшілік назарына ұсынды.

Көрмеге Ақсу қаласынан арнайы келген шебер Жамиля Сурмий өзі тоқылған ойыншықтарын келушілер назарына ұсынды.
– Қолөнер бұйымдары экологиялық таза, гипоаллергенді әрі қауіпсіз. Балалар олармен ойнай алады, ал ересектер интерьерге сәндік бұйым ретінде пайдаланады, – деді ол.
Жамиля Сурмий тоқымашылықпен ұзақ жылдан бері айналысқанымен, көлемді ойыншықтар тоқуды шамамен үш жыл бұрын бастаған. Бұған дейін ол өз балаларына және балабақшадағы тәрбиеленушілерге арналған көрнекілік бұйымдарын дайындап келген. Қазір түрлі жәрмеңкелерге қатысып, өз еңбегін көпшілікке таныстырып жүр.
Шебердің айтуынша, ересектер арасында кеңестік мультфильм кейіпкерлері бейнеленген ойыншықтар ерекше қызығушылық тудырады. Әсіресе, «Мальвина» мен «Буратино» секілді кейіпкерлер адамдарға балалық шақтарын еске салады. Ал жасөспірімдер арасында «Гарри Поттер», «Миньондар» және өзге де танымал мультфильм кейіпкерлері сұранысқа ие. Кішкентай балалар көбіне түрлі кілтке арналған сәндік баулар тәрізді бұйымдарды ұнатады.

Ақсулық шебер осындай көрмелердің өзіне шығармашылық шабыт беретінін айтады.
– Адамдар таңғалып, ойыншықтарды мақтап жатады. Осындай жылы пікірлер мені жаңа дүниелер жасауға ынталандырады, – деді Жамиля Сурмий.
Ойыншықтарды жасауға кететін уақыт олардың көлеміне байланысты. Шағын кілтбау бірнеше сағатта дайындалса, үлкен ойыншықтарды тоқуға екі-үш күн қажет болады. Шебер әлеуметтік желілер арқылы да тапсырыс қабылдайды. Алайда соңғы екі жылда қолдан жасалған бұйымдарға деген онлайн қызығушылық біршама төмендеген.
Экология күні қарсаңында ұйымдастырылған көрмеге қатысушылардың қатарында павлодарлық қолөнерші Жанагүл Айдарбайқызы да бар. Ол қолөнермен он жылдан астам уақыт бойы айналысып келеді. Көрмеге ұлттық нақыштағы бұйымдарымен қатар балаларға арналған қолдан тігілген ойыншықтарын әкелген.
– Бұл іспен 2015 жылы егіздерім дүниеге келген кезде айналыса бастадым. Алғашында балаларға арналған жеке түйреуіштер жасап көрдім. Кейін осы салаға қызығушылығым артып, қолөнерді тұрақты түрде дамыттым, – деді қолөнерші.

Шебердің айтуынша, қазіргі таңда балалар арасында «Куруми», «Көк трактор» секілді кейіпкерлер бейнеленген ойыншықтар сұранысқа ие. Барлық бұйымдарды ол өз қолымен дайындайды.
– Балаларға арналған ойыншықтарды тігуге бір күндей уақыт кетеді. Әр бөлшегі жеке-жеке тігілетіндіктен, жұмыс көп уақыт алады, – деді ол.
Жанагүл Айдарбайқызы фестивальге қатысудағы басты мақсаты ұлттық құндылықтарды насихаттау екенін атап өтті.
– Қазақы нақыштағы бұйымдарымыздың күнделікті қолданысқа еніп, халық арасында сұранысқа ие болғанын қалаймын. Сондықтан бұл фестивальге қатысу мен үшін ұлттық құндылықтарымызды дәріптеудің бір жолы, – деді ол.
EcoFest көрмесі экологиялық жауапкершілікті насихаттаумен қатар, жергілікті шеберлердің еңбегін таныстырып, ұлттық және экологиялық құндылықтарды ұштастырған маңызды алаңға айналды.