«Дін мен дәстүр»: Павлодар облысында дін қызметшілері жарысқа түсті
Шарбақты аудандық кітапханасында өткен шараны Қызыр мешіті ұйымдастырған, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша баспасөз қызметінің мәліметінше, «Дін мен дәстүр» бағыты бойынша облыс мешітінің дін қызметшілері арасында білім жарысы өткізілді. Шараға облыс бойынша барлық қала, аудан мешіттерінен 20-дан астам адам қатысып, өзара жарысқа түсті.
– Жарыс ҚМДБ-ның сараптамасы арқылы жарыққа шыққан «Дін мен дәстүр» кітабы бойынша дайындалған билет сұрақтары бойынша ұйымдастырылды. Қатысушылардың нәтижелерін анықтайтын әділқазылар алқасы құрамында Екібастұз қаласының бас имамы Нұрсейіт Әбутәліпұлы, қалалық «Умар әл-Фаруқ» мешіті имамы Совет Есімбек, қалалық «Әбу Бәкір Сыддық» медресесінің ұстазы Нұрсұлтан Қуатұлы төрелік етті, – деді ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша баспасөз хатшысы Амантай Тойшыбайұлы.
Жарыстың мақсаты – қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде қолданатын діни рәсімдерді, салттық, ғұрыптық дүниелердің дінмен байланысы жоралғылар мен рәсімдер, өнер, спорттық іс-шаралар, қазақтың ұлттық ойындары, мәдениетінің түп негізінің дін рәсімдерінен алынғандығын, сабақтастығын айқындау. Сонымен қатар мешіттер жамағаты мен басқа аудан, ауыл, тұрғындарымен өзара қарым-қатынас жасап тәжірибе алмасу болды.
Сайыс тартысты жалғасып, нәтижесінде Павлодар ауылы «Қасым қажы» мешітінің молдасы Қуат Әбуұлы 1-орын, Ақсу қалалық мешітінің өкілі Бауыржан Талғатұлы 2-орын, Тереңкөл ауданы мешітінің қатысушысы Ербол Сейтахмет 3-орынды қанжығасына байлады.
Қатысушыларды Шарбақты ауданы «Қызыр» мешіті бас имам Исабек Ақжол Алғыс хаттармен марапаттап, жеңімпаздарға ақшалай сыйлық табыстады.
Қатысушыларға ас мәзірі ұйымдастырылып, қонақжай дастарханы жайылды.