Павлодарда табиғат жанашырлары EcoFest алаңында бас қосты
Фестивальде экология саласының үздіктері марапатталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарда Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында «EcoFest – болашақ бүгіннен басталады!» атты экологиялық фестиваль өтті. Іс-шара тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруға, табиғатқа жауапкершілікпен қарауды насихаттауға және қоғамның экологиялық бастамаларға белсенді қатысуын ынталандыруға бағытталды.
Фестиваль аясында тұрғындар үшін «Эко-челлендж: пайдалы әдеттердің бір күні», алғашқы көмек көрсету, ашық аспан астында сурет салу бойынша шеберлік сыныптары, сондай-ақ «ЭкоIQ: табиғат туралы білімді тексер» атты танымдық викторина ұйымдастырылды. Сонымен қатар, жергілікті кәсіпкерлер, өндірушілер мен қолөнершілер қатысқан экологиялық бағыттағы көрме-жәрмеңке өтті.
Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Сағын Төлеутаевтың айтуынша, қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру мемлекеттік экологиялық саясаттың негізгі бағыттарының бірі болып қала береді.
– Қоршаған ортаны сақтау – баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз әрі өңірдің әл-ауқаты мен болашақ ұрпақтың өмір сапасына қосқан үлесіміз. Экологиялық мәдениетті дамыту жолында үкіметтік емес ұйымдар, мемлекеттік органдар, білім беру мекемелері, бизнес қауымдастықтар мен жастар ұйымдары күш біріктіріп отыр. Тек бірлескен жұмыстың арқасында ғана өңірдің экологиялық әл-ауқатын қамтамасыз ете аламыз, – деді су ресурстары басқармасының басшысы.
Сағын Төлеутаевтің сөзінше, фестиваль жыл сайын Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай ұйымдастырылады. Алдағы уақытта өңірде саябақтар мен скверлерді тазалау, «Мөлдір бұлақ» акциясын өткізу, экологиялық сағаттар мен тақырыптық дәрістер ұйымдастыру жоспарланған. Сондай-ақ 5 маусым күні экология саласының дамуына үлес қосқан азаматтарды марапаттау рәсімі өтеді.
Облыстық мәслихат депутаты және «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Асылбек Туғанбай фестиваль экология саласында еңбек етіп жүрген азаматтардың басын қосқан маңызды алаңға айналғанын атап өтті.
– Бүгін экологияға бейжай қарамайтын азаматтар, жастар мен еріктілер бір жерге жиналып отыр. Мұнда тәжірибе алмасуға, алдағы жоспарларды талқылауға және қоғамдағы экологиялық жауапкершілікті арттыруға мүмкіндік бар. Экология мәселесін қоғамнан бөліп қарауға болмайды, – деді төраға.
Фестиваль барысында табиғатты қорғау ісіне үлес қосқан бірқатар азаматтарға марапаттар табысталды. Негізгі марапаттау рәсімі 5 маусым күні өтетіні хабарланғанымен, осы күні Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың атынан Раушан Даумоваға Құрмет грамотасы берілді.
Сонымен қатар, Павлодар облыстық мәслихаты төрағасының Алғыс хаттарымен Сағын Төлеутаев, Ансар Алешов, Мадина Балтабаева және Жомарт Кәрімов марапатталды. Ал «AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалының Алғыс хаттары Мадина Дүйсенбаеваға, Руслан Темірболатовқа, Елена Ковальға және Инна Давыдоваға табысталды.
Облыстық мәслихат депутаты Николай Дычко экологиялық қозғалыстың ауқымы жылдан-жылға кеңейіп келе жатқанын айтты.
– Бүгін мұнда әрбір ағаш пен әрбір тал шөпке жауапкершілікпен қарайтын азаматтар жиналды. «Таза Қазақстан» бастамасы туған жеріне жанашыр жүздеген мың адамды біріктірді. Ең кішкентай балалардан бастап, аға буын өкілдеріне дейін өз қаласы мен ауылын таза ұстауға үлес қосып жатыр, – деді депутат.
Фестивальдің тәжірибелік алаңдарының бірі алғашқы көмек көрсету бойынша шеберлік сабағы болды. Облыстық Қызыл-Ай қоғамының директоры Гульнара Исаканованың айтуынша, шараға ұйымның 25 еріктісі қатысқан.
– Алғашқы көмекті әр адам білуі керек. Жаз мезгілінде балалар демалысқа шығады, суға түседі, түрлі жағдайлар болуы мүмкін. Дәрігер келгенге дейін дұрыс көмек көрсете білу маңызды. Сондықтан, біз халыққа алғашқы көмек көрсету дағдыларын үйретуге ерекше көңіл бөліп келеміз, – деді ол.
Балалар арасында ерекше қызығушылық тудырған бағыттардың бірі табиғат тақырыбындағы сурет салу шеберлік сыныбы болды. Сурет пәнінің мұғалімі Анар Кабулдинованың айтуынша, шығармашылық жұмыстар арқылы бүлдіршіндер табиғаттың сұлулығын танып, оны қорғаудың маңызын тереңірек түсінеді.
– Егер балалар табиғаттың сұлулығын көрсе, олар оны қорғауға тырысады. Біз тек сурет салуды үйретіп қана қоймай, қоршаған ортаға деген сүйіспеншілікті қалыптастыруға үлес қосамыз. Олар өз қиялын еркін көрсетеді, ал табиғат шабыт береді, – деді педагог.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальдің басты мақсаты – өскелең ұрпақтың табиғатқа деген жауапкершілігін қалыптастыру. Экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған мұндай бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табады.