Павлодарлық дрондар отандық өндірістің әлеуетін танытты
Өнімдер көрме қонақтарының ерекше қызығушылығын тудырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыста өткен «Қазақстанның үздік тауарлары – 2026» көрме-конкурсында жергілікті өндірушілер өз әзірлемелерін көпшілікке ұсынды. Қатысушылар қатарындағы United Machinery Resources компаниясы жеке өндірісіндегі ұшқышсыз авиациялық жүйені, аэролодка мен баггиді таныстырды.


Мекеме өкілі Мақсат Өтеповтің айтуынша, кәсіпорын ДКП-750 пилотсыз ұшу аппаратын, машина жасау саласына арналған арнайы техникалар мен көліктерді, сондай-ақ оқу мақсатындағы шағын дрондарды құрастырады.
– Пилотсыз ұшу аппаратымыз – ДКП-750. Сонымен қатар, машина жасау бағытына арналған техника мен көлік түрлерін шығарамыз. Бұдан бөлек, білім беру мақсатында қолданылатын шағын дрондарды дайындаймыз. Кореялық компаниямен бірлесіп осындай құрылғыларды әзірлеуді бастап, ірі дрондарды құрастыруды қолға алдық, – деді Мақсат Өтепов.

Ұшқышсыз аппараттар ауыл шаруашылығы, картография және өзге де салаларда пайдаланылады. Бұған қоса ойын-сауық пен оқу үдерісіне арналған үлгілері де бар. Оқу дронын әзірлеуге шамамен бір жарым сағатқа дейін уақыт жұмсалады, ал ірі аппараттарды жасау бір айға жуық мерзімді қажет етеді.
Іс-шара отандық өндірушілердің жетістіктерін көрсетуге және заманауи технологияларды дамытуға жол ашады. United Machinery Resources таныстырылым барысында өз өнімдерінің мүмкіндіктерін көрсетіп, өңірдегі жоғары технологиялы өндірістің дамып келе жатқанын дәлелдеді.