Павлодарлық кәсіпкерлерге инвестор табуға жәрдемдесетін ресурс іске қосылды

Павлодарлық кәсіпкерлерге инвестор табуға жәрдемдесетін ресурс іске қосылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Оны «Атамекен» өңірлік Палатасының алаңында Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров таныстырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының кәсіпкерлеріне бизнеске инвестиция тарту үшін ұлттық цифрлық платформа ұсынылды.

Облыс әкімінің орынбасары Әйгерім Қабылтаева өткізген кездесуге өңірлік кәсіпкерлер Палатасының директоры Ерқанат Әбенов, бизнес және мемлекеттік органдардың, сондай-ақ прокуратураның өкілдері қатысты.

Әйгерім Қабылтаева атап өткендей, өңірлік пулда қазір іске асыру мерзімі 2028 жылға дейінгі 119 инвестициялық жоба бар. Олар үшін тартылатын инвестициялардың жалпы сомасы 2,5 триллион теңгеден асады, олар 10 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Әкімдік «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ-мен бірлесіп жобалардың іске асырылу барысын бақылайды, олардың бастамашыларымен тиісті жол карталары әзірленді. Биылдан бері бұл жұмыста бізге Сыртқы істер министрлігі құрған ұлттық цифрлық инвестициялық платформа көмектесуде. Бұл жүйе орталықтандырылған хабтың бір түрі болады және инвесторлар мен мемлекеттік органдардың тиімді, жедел әрекеттесуін қамтамасыз етеді, – деп атап өтті ол.

СІМ басшысының орынбасары Әлібек Қуантыров бүкіл Қазақстан бойынша енгізілген ұлттық цифрлық инвестициялық платформаны мемлекет экономикасына технологиялар мен ресурстарды тартудың тиімді үш құралының бірі деп атады. Оның айтуынша, бұл – инвесторлар туралы мәліметтерге қол жеткізуге және оларға жан-жақты жәрдемдесуге арналған бірыңғай ақпараттық жүйе.

Жоспар бойынша, интернетте құрылған платформа инвесторларға тиімді қаржы салуға, ал әкімдіктерге қаржы іздеуге нұсқалар табуға көмектесуі тиіс. Сондай-ақ, жоба кәсіпкерлердің, ең алдымен, бюрократияға байланысты кездесетін бірқатар проблемаларын жоюға мүмкіндік береді.

Біз бірнеше нысанда болдық. Біз алюминий, электролиз, полипропилен зауыттарындағы инвестицияларға көмектесеміз, онда өндірістерде төртінші, бесінші қайта бөлу болады. Біз стратегиялық инвесторларды тауып, қосымша технологияларды тартамыз. Бұл Павлодар облысы үшін артықшылық болады, өйткені бұл экспорттық өндірістердің іске қосылуына әкеледі. Олар алюминийді шығарып қана қоймай, шикізатты терең өңдеп өнім шығаруға мүмкіндік береді, – деді Әлібек Қуантыров.

Елімізде инвестиция тартуға көмектесетін тағы бір маңызды тетік – барлық процедураларды жеделдетіп аяқтайтын «жасыл дәліз» болып табылады. Бұл жүйе Бас прокуратурамен бірлесіп енгізілді.

Біздің сапарымыздың басты мақсаты – Павлодар облысына, кәсіпкерлерге өз бизнесін кеңейтуге, өз тауашаларын табуға көмектесу. Біз сіздермен бірге экономикамызды көтеретін инвестор табуға көмектесеміз, – деді Қазақстан СІМ инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов.

Оның айтуынша, таныстырылып отырған ұлттық цифрлық инвест платформа Қазақстан Президентінің тапсырмасы бойынша құрылды.

Спикер осы ресурсқа мәліметтерді енгізу тетіктері, компаниялардан кәсіпорындар үшін қажетті ресурстар туралы өтінімдер қалай келіп түсетіні және СІМ-нің көмегімен олар үшін шетелде ең үздік технологияларды іздеу қалай жүргізілетіні туралы айтып берді.

Біз электролиз зауытында болдық, онда оның өнімдерінен – алюминийден – автомобиль жасау, тұрмыстық тұтыну үшін түрлі элементтер шығаруға болады. Біз қазір өңірлермен бұл жұмысты жүргізуге дайынбыз. Сіздерден, құрметті әріптестер, бизнес, әкімдік, мүмкіндігінше инвестиция табуға тапсырыс берулеріңізді күтеміз. Сосын сырттай жұмыс істейміз, – деді Ғабидолла Оспанқұлов кездесуге қатысушыларға.

Бизнес өкілдері өз жобаларына және оларға ресурстарды тартуға қатысты сұрақтар қоя алды. Кездесудің басқа қатысушылары Әлібек Қуантыров, Әйгерім Қабылбаева, Ерқанат Әбенов әр өтініш бойынша түсініктеме берді.

Естеріңізге сала кетейік, «Атамекен» Павлодар өңірлік Палатасының базасында прокуратурамен бірлесіп, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бойынша фронт-офис жұмысы ұйымдастырылды.