Бәйеттіктер облыс басшылығына алғыс айтты

Бәйеттіктер облыс басшылығына алғыс айтты
Фото: Аяужан Жетес

Ауылда жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бәйет ауылында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Заманауи спорт нысаны ауыл тұрғындарына, әсіресе балалар мен жасөспірімдерге спортпен тұрақты айналысуға мүмкіндік береді.

Биыл Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығын атап өтуде. Осы жылдар ішінде елді мекендердің әлеуметтік инфрақұрылымы жаңарып, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған көптеген жобалар жүзеге асырылды. Бәйет ауылында ашылған спорт кешені де – осындай игі бастамалардың бірі.

Ауылдың құрметті ардагері Қайыпхан Жантелиев жаңа нысанның ел игілігіне берілгеніне қуанышты екенін жеткізді. Оның айтуынша, соңғы уақытта ауылдық округте бірқатар маңызды жобалар жүзеге асқан. Атап айтқанда, Атығай ауылында жолдар жөнделіп, жаңа мектеп салынса, Бәйетте жол инфрақұрылымы жаңартылып, мәдениет үйі ашылған. Сонымен қатар медициналық пункт заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген.

– 700-ден астам тұрғыны бар ауылымыз үшін мұндай спорт кешені аса қажет еді. Оның ашылуына қолдау көрсеткен облыс басшылығына және қала әкімдігіне ауыл тұрғындары атынан алғыс айтамыз. Енді балаларымыз бен жастарымыз осында жаттығып, салауатты өмір салтын ұстануға мүмкіндік алды. Осы кешеннен талай спорт шебері шығады деп сенеміз, – деді Қайыпхан Жантелиев.

Жаңа кешенде қазақ күресі, волейбол және баскетбол секциялары жұмыс істейді. №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Азамат Смағұловтың айтуынша, мұнда бүгінде 132 оқушы спортпен айналысады. Оның 52-сі қазақ күресіне қатысса, қалғандары волейбол мен баскетболды таңдаған.

Спортшылардың жаттығуына барлық жағдай жасалған. Кешенде 25 бөлме бар. Олардың қатарында медициналық кабинет, ұлдар мен қыздарға арналған киім ауыстыру бөлмелері, жаттықтырушылар мен әдіскерлерге арналған кабинеттер қарастырылған.

– Балаларымыз үшін бүгін ерекше күн. Жаңа кешеннің ашылуы оларға үлкен серпін береді. Алғашқы жаттығуымызды өткізіп те үлгердік. Балалардың қуанышында шек жоқ. Жуырда шәкіртіміз қазақ күресінен Азия кубогінің күміс жүлдегері атанды. Енді осындай жеңістердің жалғасын осы спорт кешенінен шыққан жас спортшылардан күтеміз, – деді Азамат Смағұлов.

Азия кубогінің күміс жүлдегері Әли Төлеген де жаңа спорт нысанының ауыл балалары үшін маңызын атап өтті. Екібастұз қаласындағы №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі мұндай жағдай жас спортшылардың үлкен жетістіктерге жетуіне жол ашатынын айтты.

– Бәйет ауылында осындай кешеннің ашылуы – балалар үшін тамаша мүмкіндік. Енді олар өз ауылында жаттығып, армандарына бір қадам жақындай алады. Осы жерден әлем және Азия чемпиондары шыға берсін, – деді Әли Төлеген.

Облыс әкімі Асайын Байханов спортшылармен кездесуде елімізде спортты дамытуға қажетті мүмкіндіктердің жылдан-жылға артып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай нысандардың бой көтеруі – ел дамуы мен қоғам әлеуетінің артуының айқын көрінісі.

Жаңа спорт кешені ауыл балаларының бос уақытын тиімді өткізуіне, спорттық қабілеттерін шыңдауына және болашақ чемпиондардың қалыптасуына жол ашады.