Павлодарлықтардың «Таза Қазақстан» боты арқылы түскен өтініштері толық орындалды

Павлодарлықтардың «Таза Қазақстан» боты арқылы түскен өтініштері толық орындалды
Фото: Константин Шелков

Мұны облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Иманзаиповтың айтуынша, өңірде «Таза Қазақстан» Telegram-боты арқылы тұрғындардан келіп түскен өтініштердің барлығы дер кезінде орындалды. Платформа коммуналдық қызметтердің жұмыс сапасын арттырып отыр.

Бүгінде чат-бот арқылы 615 өтініш қабылданып, олардың 100 пайызы орындалған. Тұрғындар көбіне аумақтарды санитарлық тазарту, жер жұмыстарынан кейін абаттандыруды қалпына келтіру, сондай-ақ балалар және спорт алаңдарының жағдайына қатысты мәселелерді көтерген.

Облыс әкімі Асайын Байханов чат-бот арқылы келіп түсетін өтінімдерді сапалы әрі жедел қарау жұмысы дұрыс ұйымдастырылғанын алға тартты.

– «Таза Қазақстан» платформасы бойынша тұрғындардан келіп түсетін өтінімдерді тиісті түрде қарастыру жұмысы ұйымдастырылды. Бұл бағыттағы жұмысты әрі қарай да жалғастыру керек. Соңғы уақытта чаттарда бірнеше жыл бұрын орнатылған ойын және спорт алаңдарының қазіргі жағдайына қатысты шағымдар көбейіп отыр. Сондықтан барлық әкімдер бұл мәселені күнделікті бақылауда ұстауы қажет, –  деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ өңір әкімі жаз мезгілі басталып, балалардың аула мен ойын алаңдарында көбірек уақыт өткізетінін ескертіп, қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударуды тапсырды. Оның айтуынша, әрбір ауыл және қала әкімі балалар алаңдарының жағдайын тұрақты бақылап, тозған нысандарды уақытылы қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуі тиіс.

Асайын Байханов жыл сайын облыс қалалары мен аудандарын абаттандыру және санитарлық тазалау жұмыстарына қатысатын «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының жұмысына жеке тоқталды. Осы маусымда жұмыстар сәуір айында басталды, ал қосылуға ниет білдіргендердің саны екі мыңнан асты.

Аппараттық жиында «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы шеңберінде ерекше қорғалатын орман аумақтарын қорғауға және қалпына келтіруге ерекше көңіл бөлінді.

Облыстық  жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Сағын  Төлеутаевтың айтуынша, өңірдің орман мекемелері экологиялық акцияларға белсенді қатысуда. Бұған дейін шаһарда «Парктер шеруі» өтті, оған 500-ден астам адам қатысты. Ал құстар күніне орай оқушылар орманшылармен бірге 200-ден астам құс үйшіктерін орнатты. Сондай-ақ, өңірде өртке қарсы іс-шаралар жалғасуда.

Сағын Төлеутаев мемлекеттік орман қоры аумағында питомник құру маңызды міндеттердің бірі болып қалатынын атап өтті. Бұл мәселе қазір республикалық деңгейде талқылануда.

– Бұл басқарма жұмысының маңызды бағыттарының бірі. Жақында мен Астанада жұмыс сапарымен болып, Қазақстан өнеркәсібін дамыту қорының өкілдерімен кездестім. Питомник құру үшін белгілі бір талаптар бар. Болашақта инвесторлармен кездесуді күтеміз және осы бағыттағы жұмысты жалғастырамыз, – деді ол.

Еске сала кетейік, өңірде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық тұжырымдамасы аясында өткен абаттандыру және санитарлық тазалау айлығы қорытындыланды. Айлық кезінде облыс бойынша 45 мың тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдық шығарылып, 1200 шақырымнан астам жол жиегі, жағалау аумақтары мен бос жатқан жерлер тазартылды.

Сонымен қатар, Павлодарда Президент тапсырмасы аясында экопарк бой көтереді. Болашақ экопарк орны ретінде Усолка шағын ауданы таңдалды. Аумағы алпыс гектарға жуық жоба 2022 жылдың жазынан әзірленуде.