Павлодарда қауіпсіздікке жастар мен полиция бірге атсалысуда

Олар саябақтарда, көшелерде, ойын-сауық орындарында рейдтер өткізіп, құқықбұзушылықтың алдын алуға атсалысады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қоғамдық тәртіпті сақтау ісіне енді полиция қызметкерлерімен бірге қоғам белсенділері мен студенттер де жұмылдырылуда. Бұл бастама қоғамдық орындарда құқықбұзушылықтың алдын алу және қауіпсіз ортаны қалыптастыру мақсатында қолға алынды.
Жоба аясында жастар бірнеше топқа бөлініп, саябақтар мен скверлерде профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Сонымен қатар, психологтар отбасылық зорлық-зомбылық құрбандарымен жұмыс істесе, агрессорлармен арнайы қабылдау орындарында кездесулер өтеді.
Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі полициямен бірлесіп, рейдтер дәмханаларда, мейрамханаларда, ойын-сауық мекемелерінде және компьютерлік клубтарда өткізіледі. Қала көшелерінде жол ережелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
«AMANAT» партиясы жанындағы жастар кеңесінің мүшесі Руслан Түкеновтің айтуынша, бұл бастама тек тәртіпті нығайтып қана қоймай, жастардың азаматтық белсенділігін арттырады. Полиция мен жастар арасындағы серіктестік қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі тиімді құралға айналуда.