ҚР көлік министрі Павлодарда салынып жатқан көпірдің құрылысына қанағаттанбады
Мердігер жұмыс күштерін ұлғайтуды уәде етті , деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Көлік министрі Марат Қарабаев жұмыс сапарымен Павлодар облысына келді. Ең алдымен көлік министрлігінің басшысы Ертіс өзені арқылы өтетін көпірді қайта жаңарту жобасымен танысты. Көпірдің ұзындығы 690,73 метрді құрайды.
Аталған нысандағы жұмыстарға қазіргі таңда 40 адам мен 25 бірлік техника жұмылдырылып, құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге талшықты-оптикалық байланыс желілерін көшіру, асфальтбетон зауытын, уақытша жолды және технологиялық алаңды жұмылдыру бойынша жұмыстар жүзеге асырылуда. Сондай-ақ байланыс желілерін қайта құру және технологиялық алаңдарды толтыру бойынша жұмыстар 90 пайызға орындалған.
– Кесте бойынша көңілім толмай отыр. Жұмыстарды тездету қажет,– деп тапсырды мердігерлерге Марат Қарабаев.
Жоба бойынша мердігер – BIGroup– «Казахдорстрой» ЖШС. Олар айдың соңына дейін 150 қызметкер мен 100 техникаға дейін күштерді арттыруға уәде етті. Министрдің сөзінше, жоспар бойынша аяқталу уақыты 2027 жыл белгіленгенмен, жұмыстар 2026 жылға дейін аяқталуы тиіс.
Сондай-ақ, көлік министрлігінің басшысы Павлодар облысының тұрғындарымен кездесіп, азаматтарды жеке қабылдады. Өңір тұрғындары автомобиль жолдарының жағдайы, атап айтқанда «Баянауыл-Қалқаман-Павлодар», «Атамекен-Ертіс-Русская Поляна» трассаларының жай-күйіне, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балаларға инва-купеге билеттер сатып алуға қатысты сауалдарын жолдады.
Екібастұздық аутист баланың анасы, қоғам белсендісі министрге инва-купелердің тапшылығына байланысты сұрақ қойды.
– Билет сатып алған кезде, басқалармен сол бір инва-купе үшін талас болып тұрады. Бүкіл вагон құрылымына тек бір инва-купе қарастырылған. Бұл – мүмкіндігі шектеулі бала мен олардың ата-аналарына өте ыңғайсыз,– деді әйел.
Көлік министрі мәселеге қатысты шешімді бірнеше пікірлерді тыңдау арқылы шешуге ұсынды. Ол аталмыш сұраққа назар аударып, қарастыратын болады. Басқа да өтініш берушілерге тиісті түсініктемелер беріліп, толыққанды жауаптар қайтарылды.