Павлодарлық оқушылар кинологиялық қызмет орталығының жұмысына қызығушылық танытты

Павлодарлық оқушылар кинологиялық қызмет орталығының жұмысына қызығушылық танытты
Фото: ПД баспасөз қызметінен

Экскурсия барасында балалар қызметтік иттерді тамашалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, орталыққа экскурсия барысында полицейлер балаларға иттермен жұмыс және оларды үйрету, сондай-ақ полиция кинологының бойында болуы керек қасиеттер туралы айтып берді.

- Оқушылар төрт аяқты тәртіп сақшыларының қайда және қалай ұсталатынын көріп, ветеринарлық кабинетке барды. Мектеп оқушылары қызметтік иттер қауіпсіздікті қамтамасыз етіп қана қоймай, қылмыскерлер мен қиындыққа тап болған адамдарды іздейтінін, сондай-ақ есірткі, қару-жарақ пен жарылғыш заттарды таба алатынын білді, - делінген хабарламада.

Жас қонақтар жаттығу шеберлігін көрсету үшін кинологтар үй жануарларымен бірге шартты қылмыскерді ұстау, кедергілер жолағынан өту, иісі бар заттарды табу сияқты демонстрациялық қойылымдарды тамашалады.

Шара соңында балалар полиция иттерімен тіл табысып, сондай-ақ кинологтармен және олардың төрт аяқты серіктестерімен естелік ретінде суретке түсті.