Павлодарлық Кәрібаевтар әулеті – мерейлі шаңырақ иесі аттанды

Павлодарлық Кәрібаевтар әулеті – мерейлі шаңырақ иесі аттанды
Фото: Айдана Боранбаева

Оларды жеңіске жанұядағы өнегелі тәрбие жеткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінде Кәрібаевтар отбасысы жүлделі екінші орынды иеленді. Бұл жеңіс –  әулет үшін ұрпақ тәрбиелеудегі еңбектерінің, отбасы құндылықтарын дәріптеудегі үлгілерінің айқын дәлелі.

Ибрай Кәрібаев отбасының отағасы, жесір қалғанына қарамастан, ғұмыр жолын ел игілігіне арнаған азамат. Алғашқы еңбек жолын Ақсу қаласының автобазасында бастаған. Кейін Павлодар қалалық №33 өрт сөндіру бөлімінің бастығы қызметін атқарып, бар білімі мен тәжірибесін жұмсап, ұжымды ұйымшылдықпен басқарды. Оның адал еңбегі елеусіз қалған жоқ – Құрмет грамоталары мен медальдар осының айғағы.

– Сексен алты жыл ғұмырымның 45 жылын адал еңбекке арнадым. Осының арқасында қазір мен қаламыздың құрметті азаматының атағына ие болдым. Оған қоса, Төтенше жағдайлар министрлігінің және Ішкі істер министрлігінің құрметті ардагерімін, AMANAT партиясының мүшесімін, – деп пайымдады Ибрай Кәрібаев.

Еңбек ардагері бүгінде де туған жерінің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып келеді. Ақсақал жұбайы Татьяна Кәрібаевамен бірге шамамен 60 жыл отасқан. Татьяна Кәрібаева – педагогикалық еңбектің ардагері. Ерлі-зайыптылар төрт перзент тәрбиелеп өсірді: қыздары – Гүлбаршын, ұлдары – Бауыржан, Ержан және Нұржан.

–  Төрт баламның бәрі жауапты жұмыстарда қызмет етеді. Бәрінің жоғары білімі бар азаматтар. Олардан тараған сегіз немерем және төрт шөберем бар. Қазір солардың қызығын көріп жатырмын, – деді қария.

Кәрібаевтар әулетінің сөзінше, үлгілі отбасы болу үшін бала тәрбиесіне басты назар аудару қажет. 

– Балаларға өнегелі тәрбие беру қажет. Оларға ақыл айтып өсіру керек. Отбасыдағы ересектер оларға үлгі болып, бойларына білім сіңіру қажет. Сонда ғана жанұя үлгілі болады, –  деп пайымдады Ибрай Кәрібаев.

Жанұя мүшелеріне жарыста жеңіске жеткені үшін арнайы алғыс хат және ноутбук сыйланды. 

Еске сала кетейік, ұлттық байқау аясында өңірімізде он үш отбасы жеңіске жетті. Сайыскерлердің арасында Екібастұздан қатысқан Тұрсынбаевтар әулеті топ жарып, теледидар ұтып алды.