Кенжекөл ауылында жолдар жөнделіп, жаңа балалар және спорт алаңдары ашылды
Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков Кенжекөл ауылының тұрғындарымен есептік кездесу өткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Кездесу барысында 2026 жылдың екінші жартыжылдығында атқарылған жұмыстардың қорытындысы шығарылып, алдағы кезеңге арналған жоспарлар талқыланды.
Кездесу барысында Кенжекөл ауылдық округінің әкімі Медет Сансызбаев ауылды дамыту бағытында атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
– Есептік кезеңде Рамазанов және Күншуақ көшелеріне асфальт төселді. Сонымен қатар, жеті көшеде және Ақниет шағын ауданында жалпы ұзындығы 19,9 шақырым жолға қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Төрт көшеде ұзындығы 1,7 шақырым жаяу жүргіншілер жолы салынды, – деді ауыл әкімі.
Медет Сансызбаев ауылдың қоғамдық кеңістіктерін абаттандыруға да ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті. Мәселен, Шоң би, Баян батыр және Кунаков көшелерінде үш жаңа балалар ойын алаңы пайдалануға берілген. Әлиясова көшесіндегі ойын алаңы толық жаңартылып, жаңа ойын кешені орнатылды. Бұдан бөлек, Ақсу көшесі мен Ақниет шағын ауданында заманауи талаптарға сай екі шағын футбол алаңы салынды.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Байдала ауылының Ақниет шағын ауданында және Кенжекөл ауылының бірінші кіреберісінде 27 көше бейнебақылау камерасы орнатылды. Сондай-ақ Кенжекөл ауылының бес көшесіне жалпы ұзындығы 4 шақырымнан асатын электр желілеріне ағымдағы жөндеу жүргізілген.
– Ауыл тұрғындарының өтініші ескеріліп, бірінші кіреберісте жаңа аялдама павильоны орнатылды. Байдала және Долгое ауылдарында тұрғындардың дене шынықтыруына арналған көше тренажерлері қойылды, – деп толықтырды ауыл әкімі.
Округтің әлеуметтік-экономикалық дамуы аясында ДЭУ-62 өндірістік базасы мен Keruen қонақүйі орналасқан Qazaq Oil кешені ашылды. Жаңа нысандардың іске қосылуы жергілікті тұрғындар үшін қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді.
Кездесу барысында келесі жылға арналған басым бағыттар да белгіленді. Атап айтқанда, абаттандыру, көшелерді жарықтандыру, санитарлық тазалықты қамтамасыз ету және әлеуметтік осал топтағы тұрғындарды қолдау жұмыстары жалғасады.
Кездесу соңында ауыл тұрғындары өздерін толғандырған мәселелер мен ұсыныстарын жеткізіп, қала әкіміне сұрақтарын қойды.
Тұрғындармен ашық диалог орнатып, олардың ұсыныстарын ескеру – ауылдық аумақтарды дамыту жұмыстарының маңызды бөлігі. Кенжекөл ауылдық округінің инфрақұрылымын жақсартуға және тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
