Семейліктер «Ертістің» қайта жаңғырғанын қалайды

Семейліктер «Ертістің» қайта жаңғырғанын қалайды

Ұлы Абайдың жерлестері клубты қалыпқа келтірудің амалдарын ұсынуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Елімай» футбол клубының спорттық директоры Федор Симиниди Семей клубының қайта жаңғыру тарихымен таныстырды.

- «Елімай» ФК жаңғырту процессі Абай облысының ашылуынан бастау алды, - деп бастады әңгімесін Федор Симиниди. – Клубтың қайта түлеуі немесе жандануы жаңа құрылған облыс әкімінің тікелей көмегімен жүзеге асты. «Елімай» - Семей ғана емес, бүтін бір Қазақстан футболының тарихы. Мұндағы адамдар футбол десе, ішкен асын жерге қояды. Бұл сәтті семейліктер бірнеше жыл асыға күткен болатын.

Бүгінде клуб қоғамдық қор түрінде құрылған. Басшылық жанкүйерлер тарту мәселесіне ерекше көңіл аударуда. Қалада футболға деген қызығушылық қызып тұр.

- Клубты жаңғыртып қана қоймай, жанкүйерлерге де жағдай жасауға тырысудамыз. Бірінші лигада ойнағанымызбен, Семейде өтетін матчтарға бес-алты мың жанкүйер келеді. Ешкімді де футболға күштеп айдап әкелмейміз. «Елімайды» облыс бренді қылмақ ниеттеміз. Семейге келген жұрт мұнда «Елімай» ФК командасы ойнайды деген атмосфера жасауымыз керек, - дейді ол.

«Елімай» спорттық директоры «Ертісті» жақсы біледі. Футболшы болған кезде 2011 жылы Федор Симиниди павлодарлық команда сапында доп тепкен.

- «Ертістің» қайта түлегенін қалаймыз, - дейді Федор Синимиди. – Бұл Павлодардың бренді. Клубтың қайта жаңғырғаны туралы талай әңгіме естіп жүрміз. Сол расталса, оған тер төгіп жүрген адамдарға сәттілік тілейміз. Мұнда біздің сәл де болса еңбегіміз бар шығар: біздің жанданғанымызды көрген адамдар «Ертісті» де жаңғыртуға болады екен деген ойға келген болуы мүмкін.

Ертіс бойы командаларының дербиінің қалыпқа келуін Семейдегі журналист Дінмұхамед Бейсембаев те армандап жүр. «Ертісті» қайта жаңғыртудың оңтайлы жолы деп, ол Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов ұсынған екінші жолды атады – аттас жаңа клуб құру.

- Бұл қадам қай жағынан алып қарасаң да, ыңғайлы. Бұрынғы тарихты ұмытпаған жөн ғой. Алайда 3,1 млрд теңге қарызды өтеу бюджетке ауыр болады. 846 млн теңге де аз емес, бірақ сәл де болса, өтеуге болатын сома. Оның үстіне жаңа команданы чемпионатқа қосу жеңілірек болатын сияқты. Бастысы – Қазақстанда футбол болуы керек.

Естеріңізде болса, өңір басшысы демеушілік қаражатты тарта отырып, «Ертісті» жандандырудың оңтайлы нұсқалары бар Жол картасын әзірлеуді тапсырды.

Біріншісі — 3,1 млрд теңге қарызы бар және қазір банкроттық рәсімінен өтіп жатқан клубты қайта сапқа қосу.

Екіншісі – FIFA ережелері бойынша «Ертіс» ФК-ның толық құқықтық мирасқоры, оның ішінде ойыншылар мен жаттықтырушылар құрамы алдындағы 846 млн теңге мөлшеріндегі берешек бойынша өзіне міндеттемелер қабылдайтын, осы аттас жаңа клуб құру.

Семей – Қазақстан футболының отаны. 1913 жылы мұнда «Ярыш» футбол командасы құрылып, онда жазушы Мұхтар Әуезов ойнаған. Тәуелсіздік жылдары «Елімай» үш дүркін ел чемпионы атанды. 2004 жылы команда жоғарғы дивизионнан сырғып түссе, 2016 жылы – тіпті жабылды.

Бүгінде «Елімай» бұрынғы клубтың мирасқоры болып табылмайтын жаңа заңды тұлға. Қазірде ол Бірінші лигада ойнайды. Екінші деңгейлі дивизионда команда көш бастап келеді. 

«Ертіс» пен «Елімай» арасындағы текетірес 90-шы жылдары қызып тұрды. 1995 жылғы чемпионатта командалар сырт алаңда бір-бір рет жеңіске жетіп (1:0 және 1:3), ал чемпиондық атақты семейлік клуб иемденді. 1998 жылы семейліктер алтын медальдарды мойындарына тағып, облысымыздың екі бірдей командасы: «Ертіс» пен екібастұздық «Батырды» артқа тастады.

Фото: «Ертіс» ФК және ашық дереккөздерден