«Ертістің» қарсыласын аты аңызға айналған шабуылшы бастады

«Ертістің» қарсыласын аты аңызға айналған шабуылшы бастады
Фото: kff.kz

Павлодарлықтар секілді «Тараз» да жаңа маусымға өз қаласында әзірленуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Клубтың Instagram желісіндегі ресми парақшасында хабарлағандай, жалпы оқу-жаттығу жиындары 18-29 желтоқсан және 5-19 қаңтар аралығында өтті. Бас бапкер міндетін жергілікті футбол мектебінің түлегі, ұлттық құраманың бұрынғы шабуылшысы Нұркен Мазбаев атқарады.

- Қазіргі уақытта жаңа маусымға дайындық барысында былтырғы құрамның, жастар құрамасының және QJ лигасының командаларының ойыншылары жаттығуда. 50-ден астам жергілікті жас футболшылар бапкерлердің назарында. Клуб базасында негізгі құрамға ойыншыларды алу және маусымға дайындық жұмыстары жалғасуда, - деп жазады клуб.

Ал, жанкүйерлер клубтың қазіргі жағдайына наразы. Қазақстандағы футбол таланттарының ордасы ауыр кезеңдерді бастан өткеруде. Бір кездері отандық футболдың алыбы осы маусымда қатарынан үшінші мәрте Бірінші лигада ойнауға мәжбүр. Былтыр команда екінші деңгейлі дивизионда небары сегізінші орында тұрақтады. 

«Äulíé-Äta fans» жанкүйерлер тобы клуб басшылығынан қаржылық мәселелерді шешуді, жас футболшылардың өсіп-өнуіне жағдай жасауды, БАҚ жұмысын күшейтуді, жанкүйерлермен байланыс орнатуды талап етуде.

Биыл Бірінші лигада қауышатын «Ертіс» пен «Тараз» тарихында 61 рет кездескен: матчтардың 52-сі чемпионатта, тоғызы ел Кубогында. 32 рет павлодарлық, 11 рет жамбылдықтар жеңіске жетті. Тағы 18 кездесу тең аяқталды.

Екі клуб арасындағы ең атақты кездесу 1997 жылы Қазақстан чемпионы атағы үшін өткен «Алтын матч» болды. Ойын Алматыда өтіп, 1:0 есебімен Ертістің жеңісімен аяқталып, голды Виктор Антонов соқты.