Железин аудандық ауруханада 15 жылдан кейін алғаш рет күрделі жөндеуден өтіп жатыр

Железин аудандық ауруханада 15 жылдан кейін алғаш рет күрделі жөндеуден өтіп жатыр
Фото: Роман Пак

Қаржы жергілікті бюджеттен бөлінген, деп хабарлайды @Pavlodarnws.kz.

Биылғы жылдың 28 сәуірінде аудан әкімдігі «СТРОИТЕЛЬ» ЖШС-мен №137 келісімшарт жасады. Жобаның құны 106,6 миллион теңгені құрайды. Мердігерге жөндеу жұмыстарын үш ай мерзім ішінде аяқтау міндеттелген.

Құрылыс-монтаж жұмыстары 30 мамырда басталды. Жоспарға сәйкес, аурухананың үш қабатындағы қабырғалар сыланып, сырлануда, шатыр толық ауыстырылды, терезелер жылытылды. Ғимараттың сырты боялды, айналасына кедергі төсеніш құйылды, кафель төселді, кіреберіс маңдайшалары мен орталық есік жөнделді, линолеум ауыстырылуда.

11 тамыздағы жағдай бойынша негізгі жұмыстардың басым бөлігі толық аяқталды. Үшінші және екінші қабаттағы қабырғаларды сылау мен бояу, шатырды ауыстыру, терезе ойықтарын орнату, ғимараттың сыртын әрлеу, кафель төсеу, кедергі төсеніш құю – түгелдей 100 пайызға орындалған. Линолеум төсеу жұмыстарының 90 пайызы бітті.

Аудандық аурухана меңгерушісі Роман Пак ғимараттың 2009 жылы пайдалануға берілгенін айтты. Содан бері мұнда бірде-бір күрделі немесе ағымдағы жөндеу жүргізілмеген.

– Жөндеудің басты мақсаты – жұмыстың сапасын арттыру емес, ең алдымен науқастар мен қызметкерлер үшін қолайлы жағдай жасау. Бұрын дәліздердегі линолеум тозып, жүруге қолайсыздық туғызатын. Енді сырлау, әктеу арқасында бөлмелердің атмосферасын жақсартып, шаң-тозаң азайды. Бұрын терезелерден қатты суық кіретін, қазір толықтай жылытуды қамтамасыз еттік. Стационарда салқын болатын, биыл қыста анағұрлым жылы болатынына сенеміз. Сондай-ақ шатырдан су ағып, жауын кезінде бөлмелерге ылғал түсетін. Енді шатыр толық ауыстырылып, мәселе шешілді, – дейді ол.

Аурухана меңгерушісінің айтуынша, жобаның аудан үшін маңызы зор. Енді тұрғындар қалаға бармай-ақ, жергілікті жерде медициналық көмек ала алады.

– Егер аурухана жабылып қалса, халыққа қызмет көрсететін орын қалмай, басқа жаққа баруға тура келер еді. Ал қазір бәрі өз орнында, жергілікті жерде шешіледі, – деп атап өтті Роман Пак.

Мекемеде 156 қызметкер жұмыс істейді. Жалпы аудан бойынша 26 медициналық ұйым бар: 1 аудандық аурухана, 4 дәрігерлік амбулатория, 20 медициналық пункт және 1 фельдшерлік-акушерлік пункт.

Жөндеу жұмыстарының толық аяқталуы 26 қыркүйекке жоспарланып отыр.