Павлодар қаласының шет жақтары қашан жылынады?

Павлодар қаласының шет жақтары қашан жылынады?
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Облыс әкімі орталық жылумен қамту желісін дамыту жоспарын жариялады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шаһардағы Лесозавод ауданында орналасқан Новоселов, Ақжол және Бектұров көшелерінің тұрғындары көп жылдан бері орталық жылу жүйесі мен кәріз желісінің жоқтығына шағымданып келеді. 

– Бұл көшелерде негізінен білім саласының қызметкерлері, зейнет жасындағы мұғалімдер тұрады. Аталған аумақта жер телімдері кезінде мемлекет тарапынан берілген. Сол кезде барлық инженерлік коммуникациялар жүргізіледі деп уәде етілген. Алайда жылдар өтсе де, тұрғындар жылу мен кәрізсіз қалып отыр, – деді қала тұрғыны Татьяна Пироженка.

Оның айтуынша, олар суды да, жарықты да өз күштерімен өткізген. Бүгінгі күні үш ұрпақ пеш жағып отыр. Қыста пеш жағып, терезелерді жауып тастауға мәжбүр. Қала тұрғынының сөзінше, бұл денсаулыққа да, экологияға да зиян.

Облыс әкімі бұл мәселенің бар екенін мойындап, жағдайды түсіндірді. Оның айтуынша, қалада 25 мыңнан астам жеке үй бар, олардың үштен бірінен көбі орталық жылумен қамтылмаған.

– Мұндай проблема бар екенін мойындаймыз. Оны кезең-кезеңімен шешіп келеміз. Бірақ жылуды бей-берекет қосуға болмайды. Бізге алдымен жылу көлемін арттыру керек. Бүгінгі күні ЖЭО-1 қуаттылықты арттырдық, біз оны Достық ықшам ауданын дамыту үшін резервте сақтап отырмыз. ЖЭО-2 мен ЖЭО-3 жөнінде түсінігіміз бар. Сондай-ақ желілер салу талап етіледі. Мен сіздерге мұны 2026 жылы уәде етпеймін, бірақ 2027 жылы кірісе аламыз, – деді Асайын Байханов.

Қала бойынша жылу тапшылығы шамамен 150 гигакалорияны құрайды. Бұл – 150 көпқабатты үйді жылытуға жететін көлем. Осыған байланысты жылу көздерінің қуатын арттыру және жаңа желілер салу қажет.

Аймақ басшылығының жоспарына сәйкес, 2028 жылға дейін орталық жылумен жабдықтау МЖС, Горторг, Зеленстрой, Лесозавод және Радиозавод шағын аудандарына дейін созылуы тиіс.

Шаһарда барлық үш ЖЭО-ны жаңғыртуды қолға алды. Осы кәсіпорындардың басшыларына өздерінің инвестициялық бағдарламалары мен акционерлерінің қол жеткізген уағдаластықтар шеңберінде қолда бар қуаттарды ұлғайту міндеті қойылды. Жеке сектордың жаңа бөлімшелерін қосу үшін жылу энергиясын өндіруді едәуір арттыру қажет. Облыс әкімі жаңғыртудың бірінші кезеңін 2027 жылы аяқтауды тапсырды.