Қазақстанда сот тәуелсіздігінің қағидаттары мен шешімдерді шағымдану тәртібі түсіндірілді
Қазақстанда азаматтар арасында сот билігінің рөлі мен сот актілерін қайта қарау тәртібі туралы түсінік әлі де жеткіліксіз деңгейде қалып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл мемлекеттік органдарда өтініштерді қарау және азаматтарды жеке қабылдау тәжірибесімен дәлелденеді.
Атап өтерлігі, азаматтар жиі судьялардың әрекеттерін түсіндіруді, істерді қарау барысына ықпал етуді немесе сот шешімдерін қайта қарауға жәрдемдесуді сұрап жүгінеді. Алайда мұндай мәселелер атқарушы және өкілді органдардың құзыретіне кірмейді.
Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, сот билігі заң шығарушы және атқарушы билікпен қатар мемлекеттік биліктің дербес тармағы болып табылады. Елде әділ сот төрелігін тек соттар жүзеге асырады, ал олардың негізгі міндеті — азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау.
Сондай-ақ судьялардың тәуелсіз екені және тек Конституция мен заңдарға ғана бағынатыны ерекше атап өтіледі. Олардың қызметіне кез келген адамның араласуына тыйым салынады.
Сот шешімдеріне шағымдану құқығы кепілдендірілген, алайда ол тек заңда көзделген тәртіппен жүзеге асырылады. Сот актілерін қайта қарауды тек соттар ғана жүргізеді.
Заңнамада шағымданудың бірнеше түрі қарастырылған:
• апелляция — шешім заңды күшіне енгенге дейін істі қайта қарау;
• кассация — заңды күшіне енген сот актілерінің заңдылығын тексеру;
• жаңа мән-жайлар бойынша қайта қарау — бұрын белгісіз болған фактілер анықталған жағдайда қолданылады.
Сондай-ақ прокуратура сот шешімдеріне наразылық енгізуге құқылы екені, бірақ оларды өз бетінше өзгерте алмайтыны нақтыланады.
Мемлекеттік органдар атап өткендей, олар сот процестеріне араласуға немесе сот шешімдеріне баға беруге құқылы емес. Оның орнына азаматтарға өз құқықтарын қорғау тәртібі мен шағым беру мерзімдерін түсіндіру қажет.
Сарапшылардың пікірінше, сот тәуелсіздігі қағидаттарын түсіну қоғамның құқықтық мәдениетін арттырып, сот жүйесіне деген сенімді нығайтады.