Қазақстанда өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 35 пайызға өсті

Қазақстанда өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 35 пайызға өсті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Еліміздің аграрлық экспортындағы дайын өнімдердің үлесі 50 пайыздан асты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы сегіз айында өңделген агроөнеркәсіп өнімдерінің экспорты 3,04 миллиард долларға жеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35,1 пайызға көп.

Аграрлық экспорттың жалпы құнындағы өңделген өнімдердің үлесі 54,1 пайызды құрады. Осылайша, ауыл шаруашылығы саласының экспорттық табысының жартысынан астамы шикізат емес, өңделген өнімдер есебінен қалыптасқан.

Экспорт өсіміне астық өңдеу саласы айтарлықтай үлес қосқан. Биыл қаңтар мен тамыз аралығында шетелге шамамен 400 миллион долларға 1,38 миллион тонна бидай және бидай-қара бидай ұны сатылды. Өткен жылмен салыстырғанда жеткізілім көлемі 23 пайызға, ал экспорттық түсім 36 пайызға артқан.

– Күнбағыс, мақсары және мақта майларының экспорты 49 пайызға өсіп, 673 миллион долларға жетті. Ал рапс пен қыша майларының экспорты 2,3 есе ұлғайып, 90 миллион долларды құрады, – деп хабарлады министрлік.

Өсім басқа да өнім түрлерінде байқалады. Мал азығына арналған ұн экспорты 61 пайызға артып, 578 миллион долларға жеткен. Сиыр етінің экспорты 78 пайызға өсіп, 164 миллион долларды құрады. Ал күнжара мен шрот жеткізілімінен түскен табыс 42 пайызға ұлғайып, 113 миллион долларға жетті.

Өңдеу кәсіпорындарын қолдау үшін мемлекет жеңілдетілген несие, инвестициялық субсидиялар және салықтық жеңілдіктер ұсынып келеді. 2024–2026 жылдары кәсіпорындардың айналым қаражатын толықтыруға шамамен 230 миллиард теңге бағытталған.

Министрлік астықты терең өңдеуге де ерекше назар аударып отыр. Қазір елімізде жылына 510 мың тонна шикізатты өңдей алатын үш мамандандырылған кәсіпорын жұмыс істейді. Соңғы бес жылда крахмал өнімдерінің өндірісі 2,1 есе өскен.

– Саланы дамыту үшін жалпы құны шамамен төрт миллиард доллар болатын алты ірі инвестициялық жоба әзірленді. Олардың жалпы қуаты жылына 5,8 миллион тонна шикізатты өңдеуге жетеді. Жобалар крахмал, глютен, аминқышқылдары мен биоэтанол өндірісін кеңейтуге бағытталған, – деп мәлімдеді ведомство.

Биыл Түркістан облысында жылына 150 мың тонна жүгері өңдейтін «Қазкрахмал» зауыты іске қосылды. Жамбыл облысында Fufeng Group өндірістік кешені құрылысының алғашқы кезеңі аяқталды.

Сонымен қатар Qostanai Grain Industry және Tiryaki Agro жобалары жүзеге асырылып жатыр. Ақмола облысында тағы екі өндіріс орнын ашу жоспарланған. Жаңа кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету үшін елімізде жүгері егістігінің көлемі 60 пайызға ұлғайып, 106 мың гектарға жетті.

Министрлік өңдеу өнеркәсібін дамыту арқылы дайын өнім экспортын арттырып, отандық ауыл шаруашылығы шикізатына тұрақты сұраныс қалыптастыруды көздейді.