Қоғамдық көзқарас: қазақстандықтардың көпшілігі елдің даму бағытын оң бағалады

Қоғамдық көзқарас: қазақстандықтардың көпшілігі елдің даму бағытын оң бағалады
Фото: pexels.com / Engin Akyurt

Қоғамдық саясат институтының маусым айында жүргізген сауалнамасы әлеуметтік көңіл-күйдің тұрақты екенін көрсетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұл – таңдалған бағытқа қатысты қоғамда консенсус сақталып, әлеуметтік көңіл-күйдің орнықты болып отырғанын білдіреді. Респонденттердің басым бөлігі (79,4%) елдің дұрыс бағытта дамып келе жатқанын айтты.

Пікірлердің оң серпіні әлеуметтік-экономикалық жағдайға қатысты да байқалады. Маусым айында респонденттердің 73,6%-ы бұл жағдайға оң баға берген. Бұл халықтың қазіргі ахуалды қабылдауында тұрақтану үдерісінің бар екенін көрсетеді.

Саяси жағдай да негізінен оң бағаланады: респонденттердің 76,2%-ы қазіргі жағдайға қанағаттанатынын білдірген.

Қоғам тарапынан берілген жоғары оң бағалар көбіне саяси, әлеуметтік-экономикалық және психологиялық факторлардың жиынтығына байланысты. Олардың қатарында ЖІӨ-нің 6%-ға өсуі, жаңа инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандардың салынуы мен іске қосылуы, ТКШ және көлік инфрақұрылымын жөндеу мен жаңғырту жұмыстары бар.

Аталған социологиялық зерттеуді Қоғамдық саясат институты 2025 жылғы 18 маусым мен 4 шілде аралығында жүргізді. Сауалнамаға 18 жастан асқан 2000 қазақстандық қатысты. Іріктеме ұлттық репрезентативті, ал қателік мөлшері ±2,2%-дан аспайды.