Қазақстанның ең жомарт жігіті павлодарлық дербиге келеді
Орталық стадионда автор орындауындағы вирустық ән шырқалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2 шілдеде павлодарлық аренада футболдан Қазақстанның Екінші лигасының он бірінші туры аясында Павлодардың екі командасы кездеседі: «Ертіс» «Ақсумен» шеберлік байқасады. Николай Гавриш шәкірттері Солтүстік-Шығыс конференциясының екінші орнында, ал «Ақсу» – оныншы орында келеді.
Қос бірдей павлодарлық ұжым үшін матч қиянкескі қарсылыққа ұласа ма әлде былтыр Премьер-лигадан шығып қалған «Ақсу» «Ертіске» үш ұпайды сыйлай сала ма – оны ертең ғана білетін боламыз. Егер таза спорттық негізге сүйенсек, «Ертістің» жеңіске мүмкіндігі жоғары. Соңғы матчта жаңадан келген бапкер Николай Гавриш командасы тәуір футбол көрсетіп, «Қызылжар» жастарын 3:0 ірі есебімен ұтты.
«Ақсуды» да осал қарсылас деуге аузың бармайды. Соңғы үш турда Рахман Асуханов командасы бес гол соғып, бір ғана гол жіберіп, мүмкін болған тоғыз ұпайдың алтауын алды. Өткен турда «Астана» жастарына қарсы кездесуде «Ақсу» пенальтиден гол жіберіп алмаса, тіпті жеңіске жететін ұрымтал сәттерге ие болған.
Егер барлығы жасыл алаңда шешілетін болса, павлодарлық жанкүйерлерді қызық ойын күтіп тұр. Одан басқа, павлодарлық дербиге атышулы «Дарите женщинам цветы» әнінің авторы әрі орындаушысы Jazzdauren мейман ретінде келеді. Одан басқа Дәурен өзге де әндерін шырқамақ.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Павлодарлық дерби 2 шілдеде сағат 19:00-де басталады. Кіру тегін. Матчқа бір сағат қалғанда стадионда әртүрлі қызықтар басталады: диджей музыкасы, викториналар мен ойындар. Кішкентай жанкүйерлер үшін клуб басшылығы тегін балмұздақ таратады.