Футбол кубогі «Ertis» телеарнасына бұйырды

Футбол кубогі «Ertis» телеарнасына бұйырды
Фото: Сәния Уваисова

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері арасындағы турнир өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Матчтар «Спорт сити» кешенінің жабық манежінде өтті. Қазақстан Журналистер одағының облыстық филиалы ұйымдастырған жарысқа төрт команда қатысты: «Ertis» және «Ирбис» телеарналары, «Ertis Media» ЖШС және республикалық БАҚ меншікті тілшілерінің құрамасы.

Турнирдің болашақ чемпиондары – «Ertis» телеарнасының журналистері мен күміс жүлдегерлері – «Ertis Media» өкілдері жарыстың тұсауын кесті. Телевизия қызметкерлері 5:2 есебімен түсті.

Келесі кездесуде «Ertis» ойыншылары тартысты кездесуде «Ирбисті» 2:1 есебімен тізе бүктіріп, алтын медальдарға бір табан жақындай түсті. Өз кезегінде «Ertis Media» ойыншылары алғашқы сәтсіздіктен соң бас көтеріп, меншікті тілшілер командасынан жеңісті жұлып алды. Матчтың соңғы минуттарынжа Тимур Серікбол мен Данияр Байкин гол соғып, үш ұпайды қоржынға салды. Екі ойыншы турнирде сауатты футбол таныта білді. 

Соңғы турда «Ertis» меншікті тілшілерді 5:1 есебімен қапыда қалдырса, «Ertis Media» болса, «Ирбисті» одан да ірі есеппен жеңді – 5:0. Осылайша Журналистер одағының ауыспалы Кубогі былтырғы чемпион «Ирбистен» «Ertis» телеарнасына көшті. 

- Журналист еңбегі күрделі, тіпті кей кезде қауіпті де. Сондықтан журналистер қай кезде де кез келген жағдайға дайын болып, физикалық тұрғыдан алғанда бабында болуы керек. Бүгінгі турнир арамызда жақсы футболшылар бар екендігі көрінді. «Ертіс» БЖОРСМ басшылығына қолдау білдіргендері үшін алғыс айтамыз, - деді Қазақстан Журналистер одағының облыстық филиалы басшысы Болат Аманбаев. 

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерден өзге турнирде номинациялар бойынша үздік атанғандар медальдар мен ақшалай сыйлықтарға ие болды. Қазақстан Журналистер одағының облыстық филиалы одан әрі спортты насихаттамақ ниетте. БАҚ арасында волейболдан турнир өткізу жоспарлануда.