Ақсу ауылдық аймағында қараусыз жайылған мал иесіне айыппұл салынды
Учаскелік полиция инспекторы малдың иесін анықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 3 сәуірде Ақсу қаласының кезекші бөліміне Беловка – Қалқаман ауылы автожолының жол жиегінде 50-ден астам сиыр жайылып жүргені туралы хабарлама түскен.
– Учаскелік полиция инспекторы қараусыз жайылған малдың иесін анықтады. 42 жастағы ауыл тұрғынына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік материал толтырылып, 3 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды, – деді Ақсу қаласы полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Темірбек Шаудыров.
Полиция барлық мал иелеріне ауылшаруашылық жануарларын жаю ережелерін қатаң сақтау керек екені туралы ескертеді.
Айта кетерлігі, жыл басынан бері облыста полицейлер бақылаусыз жайылып жүрген 15 мыңнан астам малды анықтап, айып тұрақтарына орналастырды. Облыста бақылаусыз жайылып жүрген малды орналастыратын 146 айып тұрағы жұмыс істейді.