«Рақмет, полицейлер!»: Павлодарлықтар алаяқтардан ақшасын қайтарып алды

Тәртіп сақшылары тұрғындардың мұндай ризашылық сөздері полицейлер үшін үлкен мотивация екенін атап өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қала тұрғындары Юрий мен Александра Хайруллиндер онлайн-сайттардың бірінен тауар сатып аламыз деп, бейтаныс тұлғаларға 544 мың теңге аударған. Біраз уақыттан кейін алданғандарын түсініп, дереу полицияға жүгінген.
– Тек қана қызметкерлердің жедел әрекеттерінің және бейжай қарамай, жауапкершілікпен атқарған жұмыстарының арқасында ақша қайтарылып, әділдік орнады. Көрсеткен ынталарыңызға, адал еңбектеріңізге, терең білімдеріңіз бен мол тәжірибелеріңізді кәсіби қолданғандарыңызға рақмет, – делінген алғыс хатта.
Хайруллиндер отбасы Павлодар қалалық полиция басқармасының тергеу бөлімінің киберқылмыстарды тергеу бөлімшесінің бастығы Тимур Мусинге, жедел уәкіл Дамир Сатимировке және тергеуші Сайдали Мусинге ерекше алғыс білдірді.
Полицейлер азаматтарға киберқылмыстардан сақтану үшін тауарды сатып алмас бұрын жеке тексерудің маңыздылығын ескертеді. Олар алдын ала төлем жасамауға кеңес беріп, тым арзан ұсыныстарға күмәнмен қарауға шақырады, себебі мұндай жағдайлардың көбінде алаяқтардың айласы болуы мүмкін. Сондай-ақ тек сенімді төлем тәсілдерін қолдану қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.
Фотосуретті облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсынды